Алматыда Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты

Бүгiн, 03:32 295

Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 3650 әскери бөлімінде жас сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Ант қабылдау іс-шарасына  "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Игорь Поповский және бөлімнің әскери қызметшілері, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты. 

Жетісу облысынан шақырылған 40-қа жуық жауынгер Қазақстан еліне адал болуға, оның заңдары мен ұлттық құндылықтарын қастерлеп сақтауға ант берді.

Сарбаздар сап түзеген алаңға жауынгерлік ту кіргізіліп, мемлекеттік Әнұран шырқалды, еліміздің көк байрағы көтерілді. 

Сіздер бүгін ел алдында әскери ант қабылдап, Отан қорғаушысының қатарына қосылғалы тұрсыздар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Өйткені әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Онда отанды қорғаудың, соның ішінде халыққа және заңды сайланған Президентке адал қызмет етудің айқын белгілері көрсетілген. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғы белгіленген талаптарды орындау - парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз - өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу, - деді Игорь Поповский.

Жетісу облысынан әскерге шақырылып, тап осы күні ант қабылдаған қатардағы Ақылбек Дәрібайды көру үшін анасы мен жақындары арнайы келген.

Ұлымның Отан алдындағы әскери ант қабылдау шарасын өз көзімізбен көріп, неге қуанбасқа?! Қарап тұрсам, баламның жағдайы жақсы екен. Кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалғандай. Біз үшін тек оның амандық-саулығы, Отан алдында атқарған қызметі зор маңызға ие, – деді жас сарбаздың анасы Дәмелі Сабырханқызы.

Салтанатты жиында сарбаздар әскери музыканың әуенімен қатар-қатар сап түзеп, бір ай бойы үйренген сан алуан әскери қимылдарын көрсетті.  

Асқар Таудай
Бөлісу: