Алматыда теңге банкноталары мен монеталарының көрмесі өтеді

12 Қараша, 07:33 339

14 қарашада Алматыдағы JusanVibe арт-кеңістігінде Ұлттық банктің теңге банкноталары мен коллекциялық және инвестициялық монеталарының көрмесі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Экспозиция Ұлттық валюта – теңге күнін мерекелеуге орайластырылып отыр.

Көрме 22 қарашаға дейін жалғасады. Келушілер оны 17 қараша (жексенбі) демалыс күнін қоспағанда, сағат 09:00-18:00 аралығында  тамашалай алады.

Экспозицияның негізгі мақсаты – көпшілік аудиторияны ұлттық валюта – теңге тарихымен, «Сақ стилі» банкноталарының жаңа сериясымен, Ұлттық банк инвестициялық және коллекциялық монеталарымен таныстыру.

Көрме кеңістігі екі аймақты: теңге банкноталары аймағын және ҚҰБ инвестициялық және коллекциялық монеталары аймағын қамтиды.

Банкноталар аймағында көрмеге келушілер барлық сериядағы банкноталардың үлгілерімен танысып, теңгенің қалыптасу тарихын зерттей алады. Бұдан басқа, көрмеде «Сақ стилі» сериясының айналымға шыққан банкноталары – номиналы 5 000 және 10 000 теңгелік ақшалар ұсынылады. Екінші аймақта ең айтулы сериялардың коллекциялық монеталары іріктелген. Онда алтыннан, күмістен және бағалы емес металдардан жасалған бірегей тұжырымдамасы мен дизайны бар монеталар ұсынылады. Көрме экспонаттары еліміздің және оның ұлттық валютасының қалыптасуы мен даму барысына тән негізгі мәдени, саяси және тарихи кезеңдерді қамтып қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрін де бейнелейді,-деп атап өтті Ұлттық банк баспасөз қызметі.

Перизат Саденова
Бөлісу: