Алматы облысында «Байсерке-Агро» оқу ғылыми-өндірістік орталығының базасында сүт өндірушілерге арналған консалтингтік қызмет орталығын құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Жоба Қазақстанның сүт саласында білікті кадрлардың тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. АШМ басшысы KFM бағдарламасын республиканың оңтүстік өңірлеріне масштабтау мүмкіндігіне бастамашы болды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев KFM қазақ-герман жобасының басшысы Уве Веддигемен тұрақты сүт өндіру саласындағы кәсіпорындардың әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады.
Еске сала кетейік, 2019 жылғы 6 желтоқсанда Мемлекет басшысының Берлинге ресми сапары барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ГФР Федералдық азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі арасында кооперациялық жобаны іске асыру жөніндегі ниеттер туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. 2023 жылдың қазан айында Қазақстандағы KFM жобасының 1-кезеңі аяқталады.
Халықаралық және отандық сарапшылар тобы Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының 16 пилоттық шаруашылығының техникалық және басқарушы персоналына консультациялар жүргізіп, олардың біліктілігін арттырады. Тәжірибелік жұмыс сиырлардың өнімділігін арттыруға, жемге талдау жасауға, фермадағы жұмыс хаттамасын жасауға және оны сақтауға т.б. бағытталған.
Аталған жұмыстың қорытындылары өсім үшін елеулі әлеуеттің барын көрсетті, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындармен және саладағы жүйелі өзгерістермен де одан әрі жұмысты талап ететін бірқатар өзекті мәселелерді анықтады.
Сүт жобасын іске асырудың 2-ші кезеңге өтуі қол жеткізілген нәтижелерді бекітуге, республиканың солтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерін қамти отырып, фермерлерге қолдау көрсету шекараларын кеңейтуге, білікті сарапшылар даярлауға мүмкіндік береді.
АШМ басшысы Уве Веддигеге сындарлы диалог үшін, сондай-ақ Германияның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы федералды министрінің атына Қазақстанда сүт өндірісін тұрақты кеңейтуге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.