Алматыда суретші Владимир Киреевтің 80 жылдығына арналған көрме ашылды

5 Сәуір, 06:28 578

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде суретші Владимир Киреевтің 80 жылдығына арналған «Кездесу» атты ретроспективті көрме ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, көрме экспозициясына 1970 жылдардың соңынан қазіргі уақытқа дейін жасалған 50-ден астам картина-портрет пен пейзаж ұсынылды.

Кәсіби мансабында суретші шығармашылық стиль және көркемдік әдіс ретінде реализмге баса назар аударғанын аңғаруға болады. Суретшінің камералық және монументалды жұмыстарының көпшілігі республикадағы жетекші өнер музейінің қорына енгізілген.

Киреев шығармашылығындағы қала пейзажы – ерекше тақырыптың бірі. Себебі ол Алматыдағы сүйікті жерлерді табиғи көзқараспен бейнелейді. Алматының аты аңызға айналған «алтын шаршысы», Алматы – балалар әлемі, «ескі алаңы», «Горький саябағы» ностальгиялық көңіл-күйге толы мекендер.

Суретші Абай портретін жасау үшін үш жылдай жұмыс істеп, 1983 жылы аяқтаған. Әр бөлшегіне ерекше мән беріп, фон, текстура, костюм детальдарын мұқият ойластырып, Киреев ұлы ойшылдың нағыз халық қаһарманын суреттейтін биік бейнесін жазды. Ілияс Жансүгіров, Махамбет, Абай бейнелерін портрет жанрында салынған қазақ өнерінің жетістіктері қатарына сөзсіз жатқызуға болады.

Владимир Киреевтің табиғатқа деген шексіз адалдығына негізделген шығармашылық ізденістер шеңбері реализм шеберінің негізгі сюжеттік-тақырыптық таңдауы мен авторлық стилін анықтады. Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде кезекті мерейтойлық көрме аясында суретшінің шығармашылық өмірбаянының ретроспективасы ұсынылады.

Көрме 2024 жылдың 28 сәуіріне дейін жалғасады.

Зарина Арман
Бөлісу: