Алматыда шертпе күй дәстүрін меңгерген үздік домбырашылар марапатталды

4 Желтоқсан 2022, 16:05 1815

Байқауға 16 мен 35 жас аралығындағы талантты домбырашылар қатысты

Алматыда «Шертпе күй» республикалық дәстүрлі музыка байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жарыстың басты мақсаты – дарынды жас домбырашыларды анықтау, олардың кәсіби шеберлігін арттыру, сондай-ақ ұлттық мәдениетті дамыту.

Байқауға 16 мен 35 жас аралығындағы талантты домбырашылар қатысты. Бас жүлде үшін 45 күйші бақ сынады. Бірнеше күнге жалғасқан фестиваль жеңімпаздарын Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев құттықтап, шығармашылық табыс пен жарқын жетістіктер тіледі.

«Қазақтың шертпе күйі – ұлттық музыкамыздың ең құнарлы қазынасы. Оның тарихы, дәстүрі сонау көне замандардан бастау алады. Жалпы қазір дәстүрлі күй мен домбыраның насихаты, оған деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Мысалы, бүгінгі таңда тек «Artsport» бағдарламасы шеңберінде 643 домбыра үйірмесі жұмыс істейді, оған 26 мыңнан астам бала қатысып жатыр. Бұл – күй өнеріне деген ерекше ықыласты көрсетсе керек. Сол сияқты арнайы музыкалық мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында домбыра үйренушілер жылдан-жылға көбейіп келеді. Біз әрі қарай да қазақтың ұлттық дәстүрлі музыка өнерін дамытуға бағытталған игі іс-шараларды жалғастыра береміз», – деп атап өтті Дәурен Абаев.

Сонымен, байқау нәтижесі бойынша Мадияр Сүлейменов бас жүлде иегері атанып, 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Ал фестивальдің бірінші орын иегерлері – Нұрғали Төлеби мен Құдайбергенов Дарын 750 мың теңгеден иеленсе, екінші орынға Сырым Шонбаев пен Ардақ Елеусіз жайғасты, оларға 500 мың теңге бұйырды. Үшінші орынды Тұрсынбек Ілияс, Бекет Бексұлтан, Жарқыннұр Ержанат иеленіп, әрқайсысы 300 мың теңгеден алды. Ал Мәуетбек Лунара мен Нұржан Ілиясов «Үміт» арнайы дипломымен марапатталды. Жанту Дадабаев, Саматова Айымгүл, Тілеубек Інжу, Тоқтаров Дастан, Талапхан Ерболат фестивальдің дипломанттары атанып, арнайы ақшалай сыйақы иеленді.

Сондай-ақ, гала-концерт барысында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің алдағы 90 жылдығы және Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің 40 жылдық мерейтойына орай екі оркестрге 40 домбыра тарту етілді.

«Биыл біз шығармашылық ұжымдармен көптеген кездесулер өткіздік. Ашық диалог барысында көтерілген басты мәселелердің бірі – музыкалық аспаптарды жаңарту және сатып алу қажеттілігі. Бұл көп күттірмей шешуді қажет ететін қордаланған мәселе болды. Сондықтан біз демеушілік қаражат есебінен бұл жұмысты қолға алу туралы шешім қабылдадық. Бірден шебер Жолаушы Тұрдығұловқа 40 домбыра жасаттық. Бүгін сол домбыраларды өздеріңізге табыстап отырмыз. Осы жобаның іске асуына демеу көрсетіп, атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын», – деді Дәурен Абаев.

Айта кету керек, домбыралар кәсіпкер және меценат Тимур Тұрловтың жеке қаражаты есебінен сатып алынды.

«Өнер әрқайсымызға ерекше әсер етеді. Ол біздің санамызды өзгерте алады, рухтандырады, халықтар мен мемлекеттерді біріктіреді. Сондықтан бизнес өкілдері үшін өнер қайраткерлеріне қолдау көрсету маңызды деп есептеймін. Отбасым мен компаниямның атынан қазақтың халық музыкасын орындайтын екі жетекші оркестрге қасиетті аспап - домбыра сыйлаймын. Музыканттардың шығармашылығы ел игілігіне қызмет етіп, әлемдік аренада дәріптеле берсін», – деп атап өтті ол.

EL.KZ
Бөлісу: