Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен 1 мамырда Абай алаңында «Береке – бірлікте» жалпыреспубликалық акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап, жеткізуге атсалысқан, көмектескен еріктілерді, белсенді азаматтарды, мәдениет қайраткерлерін марапаттау рәсімі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, іс-шара танымал шығармашылық ұжымдар мен этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасымен, қайырымдылық акциялар, жәрмеңке, байқаулар және басқа да іс-шаралармен жалғасады.
Сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін Республика сарайының алдында қайырымдылық жәрмеңкесі мен гастро-фестиваль өтеді. 10-нан астам танымал мейрамхана қазақ, түрік, өзбек, корей, неміс, қытай, грузин, орыс, армян, ұйғыр ұлттарының ұлттық тағамдарын ұсынады. Түскен қаражат су тасқыны салдарын жою мақсатына «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорына аударылады. Осылайша, әрбір қатысушы табиғи апатқа ұшыраған азаматтарға көмектесе алады, - делінген мәліметте.
Мерекелік концертке этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысады: «Агугай» ансамблі, «Дервиши» тобы, Анжелика Шағарова, «Наири» ансамблі, Аббос Қасымов ансамблі ABBOS (Өзбекстан), Ситора Назарова, «Қазан нұрлары» ансамблі (Татарстан), Руми мен Янис, «Бахар» кавказ би ансамблі, «Эламан» дуэті (Қырғызстан), Роман Ким, «Нам Сон» ансамблі мен «МузАрт» тобы.
Сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін Абай атындағы алаңда жеке компанияның қаражаты есебінен Maxi Fest қайырымдылық концерті өтеді. Сахнада отандық эстрада жұлдыздары: Айқын, Qanay, Ayree, КешYOU тобы, Илхан Ықсан, Бекзат Құнанбай, Сиситай, «Азия» тобы, Артур Давлетьяров, Әйгерім Қалаубаева, Ұланғасыр Ками мен ALPHA тобы өнер көрсетеді.
Мерекелік шаралар қаланың басқа аудандарында да өтеді:
Наурызбай ауданында сағат 11:00-де Шұғыла шағын ауданы 347 мекенжайындағы амфитеатрда, «Бірлігіміз жарасқан» концерттік бағдарламасы, қазақ, ұйғыр, араб, әзірбайжан, украин, орыс, үнді, татар, өзбек, қытай, корей және түрік мәдениеттері өкілдерінің ұлттық тағамдары, киімдері мен бұйымдарының көрмесі өтеді. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсеткен белсенді азаматтар марапатталады.
Жетісу ауданындағы Гүлдер саябағында (Серіков, 2а) сағат 11:00-де Мәдениет үйі мен Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері, «Даму бала» бағдарламасы бойынша үйірмеге қатысатын балалардың концерті өтеді. Сондай-ақ ауданның этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен Қазақстан халықтарының көрмесі ұйымдастырылады.
Әуезов ауданында сағат 11:00-де Сарыарқа скверінде «Гүлден, менің Қазақстаным!» ұранымен студент-жастар, балалардың қатысуымен эко-марш өтеді. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету үшін этномәдени өкілдері қолөнершілерінің қайырымдылық көрмесі ұйымдастырылады.
Алатау ауданында сағат 10:00-де «Алатау» инновациялық шығармашылық орталығында мерекелік концерт пен тақырыптық суреттер көрмесі өтеді. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсеткен белсенді азаматтар марапатталады.
Түрксіб ауданында сағат 11:00-де Арбатта (Шолохов көшесінің қиылысы, Сауранбаев көшесінің бойы) Оқушылар үйі көркемөнер ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама мен этномәдени бірлестіктердің көрмесі өтеді.
Медеу ауданында Көктөбе орталық алаңында сағат 12:00-де «Алматы әуендері» КМҚК «Жасыл қалам – Алматым» жеке орындаушыларының концерті өтеді. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында (Төле би көшесі, 21) сағат 15:00-де «Гүл Алматы – Flower Sity» өтеді.
Алмалы ауданында Арбат алаңында сағат 10:00-де су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде қаражаттың бір бөлігін бөле отырып, қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді. Сағат 12:00-де шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама басталады.
Бостандық ауданында «Atakent» КҚКО аумағында «Алматы - біздің ортақ үйіміз» мерекелік бағдарламасы болады, оның аясында этномәдени бірлестіктердің концерті мен қайырымдылық көрмесі өтеді. Қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен барлық қаражат «Демеу Қазақстан қоры» қорына аударылады.