Алматыда полиция қызметкеріне шабуыл жасағандар сотталды

17 Сәуір, 14:32 377

2024 жылғы 22 желтоқсанға қараған түні Алматы қаласының Медеу ауданында орналасқан «Barland» барында келеңсіз оқиға орын алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мекемеде демалып отырған қонақтар мен бардың күзетшілері арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласты. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкері жанжалға араласу кезінде пышақ жарақатын алды. Қақтығыс барысында күзетшілердің бірі тіркелмеген травматикалық тапаншамен екі рет оқ атты. Анықталғандай, аталған күзетшіде қару алып жүруге және қолдануға рұқсат болмаған, сондай-ақ ол ресми түрде жұмысқа орналаспаған болып шықты. Күзет қызметі бір реттік негізде, ешқандай құжат рәсімдеусіз көрсетілген.

Тергеу нәтижесінде оқиғаға қатысқан екі азамат ұсталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) және 380-бабының 3-бөлігі (билік өкіліне күш қолдану) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот үкімімен күзетші 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылса, екінші қатысушы 1 жыл 6 айға сотталды. Қалалық прокуратураның үйлестіруімен бұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматыдағы ойын-сауық орындарында, әсіресе демалыс және мереке күндері, полиция қызметкерлерінің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылған. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: