Алматыда полицейлер самокат жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр

2 Тамыз 2023, 16:52 799

Алматы қаласының полицейлері самокат жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы қалалық ПД-ның патрульдік полициясы және мамандандырылған батальонының инспекторлары ҚР-ның “Жол қозғалысы туралы” Заңына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын бастады.

Оқи отырыңыз:

Атап айтқанда, Заң “электрлі самокат” ұғымымен толықтырылған, ол максималды жылдамдығы 25 км/сағ аспайтын көлік құралы ретінде қарастырылады. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, электрлі самокат жүргізушілері велосипед жолымен қозғалады. Олар болмаған жағдайда, заңда белгіленген шарттар мен тыйым салуларды ескере отырып, электрлі самокаттарға жүру бөлігінің оң жақ жиегімен жүруіне рұқсат етіледі.

Сонымен қатар электрлі самокаттардың жүргізушісі кемінде 18 жаста болуы керек, ол басына дулыға және үстіне шағылыстыратын киім киюі қажет, сондай-ақ кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы шарт. Жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақпен электр самокаттарын жүргізу кәмелеттік жасқа толған және кез келген санатты жүргізуге құқығы бар адамдарға рұқсат етіледі.

Ережелердің бірін бұзған жағдайда жүргізушілер ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы және ҚР ӘҚБтК-нің 620-бабымен жауапкершілікке тартылады. Аталған баптардың санкциялары бойынша құқық бұзушыларға 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.

Равиль Ашығали
Бөлісу: