Алматыда оқушылар ардагерлермен кездесті

19 Мамыр, 16:47 560

Алматыда №78 мектеп-гимназиясының оқушылары ардагер жауынгерлермен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Іс-шараға әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, мектеп басшылығы, мұғалімдер, Түрксіб ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілдері, 61993, 12881 және 68602 әскери бөлімдері әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтердің басшылары қатысты.

Құрметті қонақтардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Иванович Зинченко, Ауғанстандағы соғыс және басқа да жергілікті қақтығыстар ардагерлері мен мүгедектерді үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Әбдішүкіров, Ауған соғысының ардагерлері Тайыржан Молдыбеков, Юрий Архипов, Абутжан Амраев, Ирактағы бітімгерлік миссиясына қатысушы Марат Қанатов, Қарулы күштердің ардагері Әділхан Шаяхметов болды.

Қоғамдық ұйымның төрағасы Марат Әбдішүкіров осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Ардагерлермен қарым-қатынас балаларға олардың ерлікке толы өткенімен жақынырақ танысып, патриотизм рухында тәрбиеленуге мүмкіндік береді. Мұндай іс-шаралар ел тарихына деген қызығушылықты қалыптастыруға және аға буынның ерлігін құрметтеуге ықпал етеді, - деді ол.

Іс-шара бағдарламасы алуан түрлі болды. Оқушылар соғыс ардагерлерінің алдында үлкен ынтамен өнер көрсетті. Концерттік нөмірлер қоян-қолтық ұрыс элементтерімен және АК-74 автоматын бөлшектеп, құрастыру көрсетілімдерімен кезектесіп отырды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: