ҚР мемлекеттік орталық музейінде халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 165 жыл толуына орай «Ер туралы жыр» атты мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа ақынның шығармашылығын насихаттап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау.
Іс-шара барысында көрерменнің назарына музей қорында сақталған Нұрпейіс Байғаниннің фотоқұжаттары ұсынылды. Сонымен қатар кездесуде ақынның шөбересі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері сөз сөйледі, - делінген мәліметте.
Нұрпейіс Байғанин – ақын, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ол 15-16 жасында «бала жыршы» атанып, айтысқа түсіп, батырлық жырларын жатқа айтатын болған. Ақынның «Қарасай – Қази», «Нарқыз», «Ақкенже» секілді белгілі дастандары бар.
«Ер туралы жыр», «Жиырма бес» секілді поэмалары жауынгерлерге жігер беріп, Жеңіс күнін жақындатты.