Алматыда «Мыңжылдықтар тоғысындағы өркениет» атты көрме ашылды

7 Маусым 2023, 19:00 1076

Бүгін Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының 30 жылдығына орай «Мыңжылдықтар тоғысындағы өркениет» атты көрме ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығына орай Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған шараның ашылуына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев пен ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев қатысып, көрмені салтанатты түрде ашты.

Бүгінгі көрме Түркі әлемінің мәдениеті мен тарихын зертеп, дамытып, баршаға паш етіп келе жатқан ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына арнайы ұйымдастырылып отыр. Тек қана Қазақстан емес жалпы Орта Азияның ең үлкен музейінің шаңырағында өткізіліп отырған бұл көрмеге қазақ халқының түркі әлеміндегі орнын, оның тарихи, мәдени мағынасын толық көрсетіп, көрген жанды тебірентетіндей жәдігерлер қойылған. Көрмеде 100 астам экспонат бар. Олардың барлығы біздің музейдің қорынан алынып отыр, - деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің Ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі орынбасары, философия докторы Ғалия Теміртон.

«Мыңжылдықтар тоғысындағы өркениет» көрмесіндегі басты жәдігер ретінде Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылып, Кемел және Әлішер Ақышевтардың ғылыми жобасы бойынша жаңғыртылған «Алтын адам» мүсіні қойылған. Сондай-ақ ерте темір дәуірі, яғни сақтар мәдениетіне тән кезеңді қамтитын Алматы қаласынан және оның маңынан табылған бірегей артефактілер, сондай-ақ жылқыны алғаш болып қолға үйреткен Ботай мәдениетінің құнды қазыналары мен Орта ғасырлық «Ұлы Жібек жолы» бойындағы қалашықтардан табылған тарихи жәдігерлер де көрмеден көрнекті орын алған.


©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ

Сонымен қатар, көрерменнің назарына қазақтың дәстүрлі мәдениетін айшықтайтын бірегей жәдігерлер – ұлттық музыкалық аспаптар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы, философ, ғалым Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы секілді түркі әлеміне танымал тұлғалардың қолжазбалары мен бейнелеу өнері туындылары, тұрмыстық заттар мен зергерлік бұйымдар, дәстүрлі киім үлгілері, кілем және киізден жасалған заттар ұсынылған.

Түркі жұртының басын біріктіретін халықаралық ТҮРКСОЙ  ұйымының басты мақсаты - түркі халықтарына ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерді сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу. ТҮРКСОЙ ұйымы өз қызметі арқылы түркі елдері мен халықтарын түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамытуға, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға жұмылдырып келеді.


©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ


©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ

Алматы қаласы осы  ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастырылып, кіндігін кескен жер. Осыған байланысты бүгінгі іс-шарамызды дәл осы қаладан бастап отырмыз. Бұдан бөлек, алдағы уақытта мерейтой аясында түркі елдерінің ірі қалаларында қол өнері шеберлері мен суретшілердің көрмесі, кітап көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, 9 маусым күні осы ұйымға қатысатын елдердің өнер шеберлерінің Гала-концерті өтеді. Оған да танымал өнер адамдары қатысып өнер көрсететін болады, - деді ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Сұлтан Әкімұлы қол өнері саласында елеулі еңбек етіп жүрген шеберлердің еңбегін ескеріп, бірнеше тұлғаны ТҮРКСОЙ ұйымының атынан арнайы медальмен марапаттады.

Айта кетейік, тарихи және мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мақсатында ҚР Мемлекеттік орталық музейі ТҮРКСОЙ ұйымымен ұзақ жылдар бойы тығыз байланыс орнатып келеді. Осы күнге дейін ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен ғылыми және білім беру форумдары (Алматы, 2013, Прага, 2019, Бурса, 2022, Будапешт, 2023), сондай-ақ Стамбулдағы Түркі және Ислам мәдениеті музейінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени бейнесі» (2018) атты көрмелер ұйымдастырып, өткізді.


©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ

Аталған халықаралық ұйымның қызметі аясында көптеген тамырлас түркі халықтары тарихи және рухани тұрғыда біріге түсті. ТҮРКСОЙ халықаралық қызметі түркі халықтарына ортақ мәдениетті бүкіл әлемге танымал ету жолында ынтымақтастық форматын кеңейтуге, түркі қауымдастығы мен шығармашылық тұлғалары үшін концерттер, көрмелер, халықаралық мәдени шараларды кең көлемде өткізуге мүмкіндік берді.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: