Алматыда мүгедек азаматтарға кітап жеткізетін қайырымдылық жоба басталды

Кеше, 16:42 147
Бүгін, 15 наурыз – Қайырымдылық күні, Наурызнама онкүндігі аясында Алматыда мүгедектігі бар азаматтарға үйге кітапты тегін жеткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Енді кітап оқу – өздігінен кітапханаға бара алмайтын жандар үшін ыңғайлырақ болмақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 
 
Жобаны Алматы кітапханалары қала әкімдігінің қолдауымен және Яндекс Go Доставка қызметімен бірлесіп жүзеге асыруда. 2025 жылдың мамырына дейін мүгедектігі бар азаматтар almatylibrary.kz сайты арқылы кітаптарға тегін тапсырыс бере алады, ал курьер қызметі оларды тікелей оқырмандардың есігіне дейін жеткізеді.
 
Кітапқа қалай тапсырыс беруге болады?
1.Алматы кітапханаларының сайтында кітап таңдау қажет;
2.Сауалнаманы толтырып, мүгедектігі бар екенін растайтын құжатты тіркеу керек;
3.Оператордың қоңырауын күтіп, мәліметтерді нақтылау қажет;
4.Ақпаратьы мамандар өңдеуден өткізіп, курьер арқылы тапсырысты жеткізеді.
 
Кітаптар 14 күнге беріледі, қажет болған жағдайда мерзімді ұзартуға болады. Кітаптарды қайтару да осы жеткізу қызметі арқылы тегін жүзеге асады.
Бұл жоба қамқорлыққа бағытталған. Біз Алматының әрбір тұрғыны білім мен әдебиетке теңдей қолжетімділікке ие болғанын қалаймыз. Бүгін, Қайырымдылық күнінде, біз осы қызметті жүзеге асыруға кірістік, ал болашақта оның мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Мәдениет басқармасында.
Жоба аз қозғалатын адамдардың кітапхана қызметтерін пайдалануына кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға бағытталған. Алматы әкімдігі кітапханаларды жаңғырту жұмыстарын белсенді түрде қолдап, көру және есту қабілеті бұзылған жандар үшін кітапханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуде.
 
Қазіргі уақытта жеткізу қызметі тек мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді, алайда жаз мезгіліне қарай барлық азаматтар үшін осы қызметті пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда – бұл жағдайда жеткізу ақылы түрде болады.
Перизат Саденова
Бөлісу: