Алматыда мектеп оқушысының шағымынан кейін мұғалім қызметінен шеттетілді

15 Мамыр 2023, 10:30 1056

Алматыдағы №133 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы сынып жетекшісінің балаларды балағаттап, оларға қол көтеретінін айтқаннан кейін, мұғалім қызметінен уақытша шеттетілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оқушының дәл мектебінің алдында сөйлеп тұрған видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Осы 133-мектепте оқимын. 1-сыныптан бері келе жатырмын. 5-сыныптан бастап Нүсіпжанова Нұргүлдің сыныбына түстім. Нүсіпжанова Нұргүл апай өте қатыгез болды. Әр сабақ бойы балағаттау, айғай болады. Мені кейінгі уақытта өте қатты жұлқылап, қабырғаға итерді. Әр жолы балаларды ұрады. Тыныш отырған балаларға айғайлайды, боқтайды, балағат, неше түрлі сөздерді айтады. Ата-анама оны барып айтқанда, олар қолдан келген іс-шараны қолданды, бірақ жоғары жақта отырған директор және орынбасарлары мән берген жоқ. «Кешірім бере салыңыздар» деген әңгімелер болып жатыр. Біздің жанайқайымызды ешкім тыңдап тұрған жоқ бұл жерде. Ата-анамыз заң бойынша жүгіріп жүр. Менің сонда құқығым жоқ па?! Кәмелет жасына толмағанмын. Мені не үшін жұлқылайды? Кеше түнімен ауруханада болдым. Қолым өте қатты ауырды. Қолымды рентгенге түсірдім, бәрі бар, - дейді ол.

Оқушының айтуынша, сонда да тиісті іс-шаралар қолданылмаған, мектеп әкімшілігі сынып жетекшісін қорғап жатқан көрінеді. Сынып жетекшісі оған «Сені кім қорғайды?», «Сен кімге керексің?» дейтін көрінеді. Сондықтан оқушы мен ата-анасы оған кешірім бермеуге шешім қабылдаған.

№133 мектеп-гимназиясы 9-сынып оқушысының әлеуметтік желіде жариялаған бұл видеосына қатысты Алматы қаласының білім басқармасы түсінік берді. Ведомствоның хабарлауынша, мұғалім сынып жетекшісі қызметін атқарудан уақытша шеттетілген.

16 мамырда бұл мәселені Әуезов ауданы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қарау жоспарланып отыр. Бұл мәселе Алматы қаласы білім басқармасының бақылауында, - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Равиль Ашығали
Бөлісу: