Алматыда мектеп гимназиясының бас есепшісі сотталды

10 Қыркүйек, 16:52 777

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық соты сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бойынша Н.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2019-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы гимназиялардың бірінің бас есепшісі Н. оқу орнының банктік шоттарына қол жеткізе отырып «Интернет-банкинг» электронды жүйесі арқылы өзінің жеке шотына, сондай-ақ, басқа тұлғаның шоттарына ақшалай қаражатты негізсіз аударып отырған.

Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен 23 миллион теңгені құрайды.

Сотта сотталушы Н. өз кінәсін толық мойындап, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Прокурор сотталушыны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот сотталушы Н.-ны кінәлі деп танып, өз кінәсін мойындауының, куәгерлердің айғақтарының, маманның қорытындысының негізінде оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Жаза тағайындау кезінде сот Н.-ға жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде: жасаған қылмысына өкінуін, материалдық залалды жартылай түрде өтегендігін, жас баласының болуын ескерді.
Іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
 
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: