Алматыда математика, физика және информатикадан Жәутіков олимпиадасы басталды

9 Қаңтар, 14:32 885
Алматыда математика, физика және информатика (IZhO) пәндері бойынша ХХ халықаралық Жәутіков атындағы олимпиаданың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Биыл бұл олимпиадаға әлемнің 15 елінен 650-ден астам мектеп оқушылары қатысуда.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева мерейтойлық ХХ халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Олимпиадаға қатысу – өз күшіңізді сынау мүмкіндігі. Ол алға қарай дамуға, көбірек танып-білуге ынталандырады. Балалардың қабілет-қарымын ашуға, қызығушылықтарын анықтауға және мектеп пәндерін тереңірек меңгеруге мүмкіндік береді. Әдетте, олимпиадалардағы тапсырмалар қосымша дайындықты және берілген тапсырмаларды орындауда стандартты емес тәсілдерді қолдануды қажет етеді. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін!, - деді Наталья Жұмаділдаева.
Зияткерлік сайыстар Республикалық физика-математика мектебінде теориялық және эксперименттік екі кезеңде өтеді. Қатысушылар математика мен информатикадан есептер шешеді, сондай-ақ физикадан эксперименттер жасайды. Әр кезеңнің ұзақтығы 3 – 4,5 сағатты құрайды. Биылғы жылдың ерекшелігі сол, іс-шара үш жылдық онлайн форматындағы кезеңнен кейін алғаш рет бетпе-бет өткізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық Жәутіков олимпиадасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Мақсаты – студенттер арасында физика-математика ғылымын насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, түрлі елдердегі мамандандырылған мектептер арасында достық қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу, Қазақстанның білім мен мәдениет деңгейін таныту.

Мерейтойлық ХХ халықаралық Жәутіков олимпиадасына Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия, Грузия, Сербия, Түркия, Нигерия сынды 15 елден 85 команда қатысуда.55edited 14:21
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: