Алматыда клиника дәрігері науқасқа шабуыл жасаған

Кеше, 17:54 214

Алматы облысында жеке стоматологиялық клиника дәрігерінің науқасқа қол көтерген сәті түсірілген видео желіде кең таралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиғаға байланысты шағымданушы істің дұрыс қаралмай жатқанына алаңдаулы. Еgov.press Telegram арнасының ақпаратына сәйкес, 50 жастағы әйел клиникаға көрсетілген қызметтердің сапасына көңілі толмай, шағым білдіру үшін барған. Алайда дәрігер оған дөрекі күш көрсетіп, сыртқа шығарып жіберген.

Әйелдің арызынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі тексеру жүргізіп, тіс емдеу барысында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл жағдайға байланысты Іле ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

Алайда біраз уақыт өткен соң тергеуші күтпеген жерден істі тоқтатуға шешім қабылдаған, ал бұл шешімді аудандық прокуратура қолдаған. Жәбірленуші тергеу үстірт жүргізілді деп есептейді.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға түсініктеме берді. 

Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, объективті және толық анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Іс жүргізу шешімі өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша қабылданады, - делінген хабарламада.

Перизат Саденова
Бөлісу: