Алматыда ҚХА XXVII сессиясына дайындық жұмыстары пысықталады

13 Наурыз 2019, 02:54 1666

14 наурызда Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық этномәдени бірлестіктері басшыларымен  кеңес өтеді. 

Кеңестің жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, қалалық этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдарының басшылары, жұртшылық өкілдері мен БАҚ қатысады деп күтілуде.

Кездесудің басты мақсаты – ҚХА-ның алда болатын XXVII сессиясына дайындық, Жастар жылы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының міндеттерін іске асыру. 

Кездесу шеңберінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселелері, республикалық этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдарының 2019 жылға арналған жоспарлары мен міндеттері талқыланатын болады.  

Республикалық этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Шаймардан Нурумов, «Мицва» Қазақстанның еврейлер қауымдастығының төрағасы Александр Барон, «Қазақстан әзербайжандарының қауымдастығы» республикалық ҚБ төрағасы Абилфас Хамедов, «Белорус мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Леонид Питаленко айтып береді.

Анықтама: Бүгінде Қазақстанда 1025 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Аталмыш ЭМБ-лерде 46 этностық топ бар: олардың ішінде республикалық – 29, өңірлік – 2, жергілікті 549 ЭМБ. ЭМБ белсенділері – 348 мың адам.

Бөлісу: