Алматыда Кеңес Одағының батырларын еске алды

Бүгiн, 01:20 482

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің әскери кафедрасы мен жалпы білім беру пәндері кафедрасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық әскери-тарихи конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оған қазақстандық жауынгерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің жалпы жеңіске қосқан үлесі туралы баяндаған ғылыми қызметкерлер, ЖОО, колледж, мектеп оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты.

Сөз сөйлеушілер неміс басқыншыларына қарсы шайқаста ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батырлары Әлікбай Қосаев пен Ерденбек Ниетқалиевті еске алды. Олардың тағдыры бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті болып табылатын Алматы зооветеринарлық институтымен байланысты. Іс-шараның маңызды сәті Қазақстанның түрлі аймақтарынан келген Әлікбай Қосаевтың немерелері мен Ерденбек Ниетқалиевтің туыстарының қатысуы болды, - делінген мәліметте.

Әлікбай Қосаев – тарихқа 28 панфиловшы батырдың ерлігі ретінде белгілі Дубосеково разъезінде болған аңызға айналған шайқасқа қатысқан. 1941 жылы 16 қарашада 316-шы атқыштар дивизиясының жауынгер жолдастарымен бірге жаудың талай шабуылына тойтарыс берді. Ауыр жараланғанына қарамастан Әлікбай Қосаев қолына гранат алып неміс танкіне қарай лақтырып, оны жарып жібереді де өзі да қаза табады. Батырлығы мен көрсеткен ерлігі үшін қаза тапқаннан кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Зооветеринарлық институттың түлегі Ерденбек Ниетқалиев қызыл әскердің көптеген жауынгерлік операцияларына қатысты. Гвардия капитаны Ниетқалиев басшылығымен 2-ші қылышты эскадрильясының жеке құрамы Ратцебур қаласының оңтүстігіндегі стратегиялық маңызды учаскені қорғауда табандылық пен батылдық танытты. Екі күн ішінде атты әскер бөлімшесі 10 қарсы шабуылға тойтарыс беріп, жаудың жүздеген сарбазын жойды. 1945 жылы 2 ақпанда Ерденбек Ниетқалиев ауыр жараланды, бірақ ұрыстан шықпады. Қансырап жатса да ол станок пулеметінің артында тұрып, соңғы демі қалғанша жаудың шабуылдарын тойтаруды жалғастырды. Сұрапыл шайқаста қаза тапқан Ерденбек Ниетқалиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Конференцияны ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндағы баяндалған материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеке жинақта жарияланатын болады.

Асқар Таудай
Бөлісу: