Алматыда кәсіпкерден ақша бопсалаған «қылмыстық төрттік» ұсталды

9 Маусым 2023, 11:44 880

Алматыда кәсіпкерден 2 млн теңге бопсалаған «қылмыстық төрттік» ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Полиция мәліметінше, арнайы іс-шара барысында осы қылмысты жасады деген күдікпен төрт ер адам ұсталған. Олардың үшеуі бұрын қарақшылық шабуыл, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша істі болғандығы белгілі болды.

Күдіктілер физикалық күш қолданамын деп қорқытып, кәсіпкер 21 жастағы К. есімді азаматтан 2 млн теңге көлемінде ақша бопсалаған. Күдіктілер сұраған соманың бірінші бөлігін бірден алған, қалғанын табу үшін 20 күн уақыт берген. Бопсалау дерегі ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігімен тіркелді. Жедел және арнайы шаралар кешені жүргізілді.

«Қылмыстық төрттіктің» қылмыстық әрекеттері құжатталды. Олар қылмыс үстінде ұсталды. ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес күдіктілер УҰИ-ға қамалды. Атыс қаруын заңсыз сақтау дерегі анықталды. Сараптамалар тағайындалды, – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.

EL.KZ
Бөлісу: