Алматыда ІІ Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтеді

Бүгiн, 12:42 132

Алматыда 21-24 қазан аралығында ІІ Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі Almaty puppet festival – 2024 өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, биыл оған Қытай, Польша, Чехия, Болгария, Грузия, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан және Қазақстанның үздік театр ұжымдары қатысады.

Фестивальдің мақсаты – көрермендерді заманауи қуыршақ өнерінің қойылымдарымен таныстыру, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту және театр саласындағы креативті ойларды шабыттандыратын шығармашылық алаң құру.

Біз үшін бұл фестиваль үлкен мерекеге айналды. Өткен жылы алғаш рет осы ауқымды шараны өткізгенде оған 6 елдің қуыршақ театрлары қатысты. Биыл 11 елден келген ұжымдар қатысып жатыр. Бұл біздің фестивальдің беделі мен абыройының көрсеткіші, – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Әбдірахманов.

ІІ Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі Almaty puppet festival – 2024 қала мәдениетінің маңызды оқиғасы болмақ, сондай-ақ қуыршақ өнерінің шеберлері арасында тәжірибе мен идея алмасу алаңына айналады. Фестиваль аясында түрлі ерекше қуыршақ кейіпкерлері бар қойылымдардан бөлек, танымдық шығармашылық кездесулер мен шеберлік дәрістері де өткізіледі.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: