Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды

30 Қараша 2023, 09:00 1051

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 30 қараша күні сағат 05:33-те Әди Шәріпов көшесіндегі өрт туралы хабарлама түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Келген бойда 1 қабаты және жертөлесі жатақханаға айналған 3 қабатты тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы – 30 шаршы метр. Қабылданған шаралармен өрт 06:22-де жойылды, - деп хабарлады департаменттен.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес өртті сөндіру барысында 13 адамның денесі табылды. Қазір олардың кім екені анықталып жатыр. Олар көміртегі тотығынан уланып қайтыс болған.

Cағат 08:40-тағы жағдай бойынша өрт орнынан 59 адам эвакуацияланды, оның үшеуі сағат 08:40-қа дейін жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді.

Қазір 56 адам жақын маңдағы мектепкк уақытша орналастырылды. Ыстық тамақ берілді, қажетті медициналық және психологиялық көмек толық көлемде көрсетіледі. Бір сағат ішінде ауданның қонақ үйлеріне орналастырылады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: