Алматыда Франкфурт кітап жәрмеңкесінің семинары өтіп жатыр

18 Қараша, 19:00 414

Орталық Азияда алғаш рет «Алматыдағы Франкфурт кітап жәрмеңкесі: баспа ісіндегі заманауи үрдістер және авторлық құқық менеджменті» атты семинар өтіп жатыр. Іс-шара халықаралық баспа нарығында маңызға ие, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Семинар Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің, Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар Ассоциациясының, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және «Nomad Culture Foundation» қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Іс-шара қазақстандық баспагерлерге саладағы заманауи технологияларды меңгеруге, халықаралық байланыстарды нығайтуға және әлемдік сарапшылармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында авторлық құқықтар мен лицензияларды сатып алу және сату бойынша халықаралық тәжірибе, сондай-ақ Frankfurt Connect және Frankfurt Rights платформаларының жұмысын талқылау сияқты өзекті мәселелер қарастырылуда. Бұл платформалар іскерлік қарым-қатынас пен кітап құқықтарын басқаруға арналған,-делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінде.

Сминардың негізгі спикерлері – Никол Уитт, Герман Экель, Беттина Бак және Владка Купска. Арнайы қонақ ретінде Франкфурт кітап жәрмеңкесінің президенті Юрген Боос қатысты. 

Басқосуға қазақстандық 20 баспа мен полиграфия саласының 40-тан астам мамандары мен оқытушылары қатысып жатыр. Семинар 19 қарашаға дейін жалғасады және «Баспа қызметінде жасанды интеллектті қолдану: халықаралық тәжірибе» тақырыбын қамтиды.

Зарина Арман
Бөлісу: