Алматыда есірткі жарнамалаудың жаңа тәсілі анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 28 жастағы азамат шағын несие алуға арналған жапсырмалар таратумен айналысқан. Алайда QR-кодты сканерлеген кезде қолданушылар несие беру сервисіне емес, есірткі сатумен айналысатын интернет-ресурсқа кіріп кеткен. Күдікті өзінің қылмыстық әрекетін мойындады.
Оның міндеті – қоғамдық көлік аялдамаларына, билбордтарға, бағаналарға парақшалар жапсыру болған. Ол қызметі үшін төлемді криптовалюта түрінде алып отырған. Қазіргі таңда ұсталған азаматтың әрекетіне құқықтық баға берілуде. Сондай-ақ оның жұмыс берушілері анықталып жатыр, – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы (Есірткі құралдарының немесе психотроптық заттардың жарнамасы немесе заңсыз насихаты) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайы жария етілмейді. Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қылмыстық кодексіне сәйкес, кез келген азаматтың кінәсі сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін дәлелденбеген болып саналады.