Алматыда еріктілер өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауда

12 Маусым 2023, 13:48 750

Алматыда Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл істі Жастар саясаты басқармасының қолдауымен Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисі ұйымдастырды. Гуманитарлық көмек жинау пункті Байтұрсынов көшесі, 22к1, 1 қабат мекенжайында орналасқан.

Қабылдау пунктінің жұмыс уақыты: сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін. Байланыс нөмірлері: (+7 747 821 64 78; +7 747 540 01 40).

Жинау пунктінде кез келген көлемде қажетті заттар мен өнімдер қабылданады. Қазір гуманитарлық көмекке бірінші кезекте қажет заттар: киім және төсек-орын жабдықтары, тыныс алу маскалары, термос, қол шам, қуаттауыш, жөргек, дымқыл майлық, жеке және әйелдер гигиенасы құралдары, қажетті өнімдер (консерві, печенье және т.б.), бір рет қолданылатын ыдыс, су және тағы басқа.

Еріктілер қала тұрғындарын акцияға қосылуға және Абай облысындағы зардап шеккен отбасыларға көмектесуге шақырады.

Равиль Ашығали
Бөлісу: