Алматыда полицейлер тұрғынның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Патрульдік полиция қызметкерлері 14-қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп кетпек болған 32 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалды.
Сағат 22:40-та белгісіз біреудің көпқабатты үйден секірмек болғаны туралы қоңырау келіп түсті. Оқиға орнына бірден екі экипаж “Буран-138” және “Буран-160” барды. Ақпарат расталды. Кондиционер бөлімінде өзін-өзі өлтіремін деп қорқытқан ер адам отырған. Полиция аға лейтенанты Нұржан Тоғанбаев көрші пәтердің терезесінен келіссөз жүргізді. Осы кезде ТЖ қызметкерлерінің көмегімен әріптестерім Айдос Сарқұлов пен Айбар Байжігітов үшеуміз есікті бұздық, сосын қараңғыда жарықты қоспай, терезенің сыртындағы ер адамның жанына келдік. Бірнеше секундта біз оны қатты ұстап алып, пәтерге сүйреп кіргіздік, - деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің инспекторы Рустам Қадырбаев.
Терезеден секірмекші болған адам тұрғын үй кешенінің тұрғыны болып шықты. Оның бірнеше күн бойы тәуліктік жалдамалы пәтерде тұрғаны белгілі болды. Бір нұсқа бойынша, ер адам есірткіге мас болған. жедел жәрдем бригадасы оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Басқа да мән-жайларды Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр.