«Алматы» ӘКК» АҚ қаланың Алмалы, Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарындағы демалыс күндері өтетін жәрмеңкелердің инфрақұрылымын жаңартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық әкімдік мәліметінше, сатып алушылардың жайлылығын арттыру және жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жұмыс жағдайларын жақсарту үшін жаңа сауда сөрелері орнатылды, санитарлық жағдайлар жақсартылды, келушілердің қозғалысы үшін қолайлы бағыттар қалыптастырылды.
Жаңғырту сонымен қатар жәрмеңкелерді қала тұрғындары мен кәсіпкерлердің мүдделері үйлесетін заманауи қоғамдық кеңістіктерге айналдыруға мүмкіндік берді, - делінген мәліметте.
Жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Оларға апта сайын 28 мыңнан астам адам келеді, ал 300-ге жуық сатушы өнім өткізеді.
Жәрмеңкелер өтетін мекенжайлар:
Алмалы ауданы: Масанчи көшесі, Әйтеке би және Гоголь көшелерінің арасында
Әуезов ауданы: Өтеген батыр көшесі, Абай даңғылынан төмен
Бостандық ауданы: Қазақфильм ш/а, әл-Фараби даңғылынан жоғары
Медеу ауданы: Меңдіқұлов бульвары-Бектұров көшесі