Алматыда бокстан халықаралық турнир басталды

22 Мамыр 2023, 18:04 651

Алматыдағы "Достық" әмбебап спорт кешенінде бокстан халықаралық турнирдің ашылу рәсімі мен жекпе-жектің алдыңғы кезеңдері өтті, деп хабарлайды EL.KZ ақпараттық агенттігі.

Жарыс Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, №1 Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовті еске алуға арналған. Оның басшылығымен бүгінгі Қарулы күштердің негізі қаланды. 2023 жылдың 25 мамырында алғашқы қорғаныс министрінің туғанына 99 жыл толады.

Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирдің өзіндік дәстүрі мен тарихы бар. Бұған дейін бұл жерде талай әйгілі былғары қолғап шеберлері жеңіске жеткен. Олардың ішінде ең атақты екі боксшы, Олимпиада және Азия ойындарының жеңімпаздары, әлем және Азия чемпиондары – Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов, сондай-ақ әлем чемпионы аға лейтенант Біржан Жақыпов бар. Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне арналған турнир – бұл шын мәнінде аңызға айналған тұлғаны жадымызда сақтау үшін өткізіліп отырған шара, – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина.

Турнирге Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан атынан 25 команда қатысып, барлығы 13 салмақта 177 боксшы өнер көрсетеді. Былғары қолғап шеберлерінің жарысы төрт күнге созылып, 25 мамырда аяқталады.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: