Алматыда биыл жеті жаңа қонақ үй салынады

1 Наурыз, 08:13 557

Алматыда 208,4 млрд теңгеге 3287 нөмірлі 23 қонақ үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылы 7 қонақ үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған жобалар 2027 жылға дейін бітеді.

Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың сөзіне қарағанда, бұл қаланың нөмірлік қорын ұлғайтуға, сонымен қатар туристердің мегаполисте болу жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мегаполисте әртүрлі санаттағы 345 қонақ үй бар. Алматы қаласының нөмірлік қоры 11 454 бірлік, қонақ үй нысандарының біржолғы сыйымдылығы 21,8 мың орыннан асады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда жеке инвестициялар есебінен 161 орынға арналған 4 қонақ үй инфрақұрылымы нысаны ашылды. Олардың ішінде: «Qazaq Auyl» мейрамханалық кешені бар эко-қонақ үй, «Grand Mildom», «Medeu camp», «Dami hotel» қонақ үйлері бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: