Алматыда балабақшалардың 440 маманы кәсіби машықтарын арттырды

14 Қазан, 15:50 447

Алматыда үш айға жалғасқан мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мамандарының біліктілігін арттыру курстары аяқталды. Осы уақыт аралығында барлығы 440 педагог кәсіби машықтарын жетілдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жобаны қала әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласын дамытудың Жол картасын жүзеге асыру аясында Білім басқармасы ұйымдастырды.

Біліктілікті арттыру курстары үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең тәрбиешілер мен әдіскерлерді, екінші кезең балабақша басшылары мен психологтарды, ал үшінші кезең арнайы педагогтерді (логопед, дефектолог, тифлопедагогтер) қамтыды. Осылайша, әр санатқа лайықталып оқу бағдарламалары жасалып, мамандар  мектепке дейінгі білім берудің заманауи тәсілдерін меңгерді. Тыңдаушылар отандық және шетелдік жетекші мамандардан білім алды.

Мәселен, тәрбиешілер мен әдіскерлерге арналған оқу бағдарламалары балаларды оқыту және дамытуға арналған оңтайлы жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын білім беру ортасын құруға бағытталған. Сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын пайдалану мүмкіндіктері де қарастырылған.

Ал балабақша басшылары болса, кәсіби-тұлғалық қасиеттерін дамытуға, менеджменттің заманауи әдістері мен тәсілдерін игеру арқылы инновацияларды табысты енгізуге, сонымен бірге мектепке дейінгі білім берудегі психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің заманауи құралдары мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістемелерімен, педагогикалық психогиенаның озық тенденцияларымен және педагогтердің кәсіби қажуын алдын алумен танысты.

Арнайы педагогтерге арналған оқу бағдарламасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған түзету жұмыстарының заманауи әдістерін меңгеріп, мектеп жасына дейінгі балалардағы эмоционалды-ерікті саланың бұзылуы кезіндегі жұмыс технологиялары мен формаларымен танысты.

Курс аясында «Мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі тәрбие беру мен оқытудың әлемдік стратегиялары» деп аталатын 5 күндік халықаралық семинар ұйымдастырылды. Онда тыңдаушыларға Малайзия, Италия, Гонконг және Грециядан келген халықаралық спикерлер тренингтер өткізіп, балабақша мамандары аталған елдердегі мектепке дейінгі білім беру тәжірибесімен танысты.

Айта кету керек, курс барысында үздік деп танылған 20 балабақша басшысы мен 20 әдіскері іріктеліп алынып, олар Малайзия, Қытай, Польша және Германияның мектепке дейінгі озық оқу орындарында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

EL.KZ
Бөлісу: