Алматыда ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына арналған «Әз-Наурыз - әлем елдерінде» атты суретшілер мен фотографтар көрмесі ашылды, деп хабарайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бас ғимаратында ашылған көрменің ерекшелігі - бұған дәстүрлі бейнелеу өнерінің түрлерімен қоса заманауи бейнелеу өнерінің бір саласы - фотоөнер туындылары да қойылған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 05.01.2021 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», - деп атап өткен болатын.
Өткен жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасын әзірлегені белгілі.
Наурыз тақырыбына арналған көрмеге түрлі жанрда, аралас техникада орындалған кескіндеме, графика және сәндік қолданбалы өнер түрлері, сонымен қатар фотография туындыларын қосқанда жалпы саны 50-ден астам шығарма қойылған.
Көрмеге қатысқандар арасында: ҚР Көркемсурет академиясының президенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, реалист-кескіндемеші, абстракционист Амандос Ақанаев, ҚР өнер қайраткері, ҚР Суретшілер Одағы хатшылығының және Басқармасының мүшесі, арт-менеджер, арт-блогер, суретші-график Марлан Нысанбаев, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, декоративті реалист-кескіндемеші Нелли Бубэ, ҚР Көркемсурет академиясының мүше-корреспонденті, Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры, «Дарын» сыйлығының иегері, кескіндемеші Тоққожа Қожағұл, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, абстрактілі картиналар жазатын кескіндемеші Бейсебек Ақанаев, ҚР Көркемсурет академиясының мүшесі, суретші-кескіндемеші Ахмет Ахат, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, кескіндемеші, заманауи стим-панк Руслан Ақанаев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, суретші-мүсінші, кескіндемеші Қанағат Көдеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші-кескіндемеші Алмас Нұрғожаев, суретші-кескіндемеші Әлия Қабиқожаева және өз фототуындыларын ұсынған фотожурналистерден Журналистика факультетінің аға оқытушысы, «Фотоөнер» ҚБ төрағасы, фотограф Асылхан Әбдірайымұлы, Баспасөз қызметінің бас маманы, фотограф Марат Жүнісбеков, Философия және саясаттану факультетінің аға оқытушысы, фотограф Досжан Балабекұлы және т.б. бар.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Жаңа Қазақстан: қоғамды ұйыстыратын құндылықтар» кешенді мерекелік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған аталған сурет көрмесі Наурыз мейрамының маңыздылығын, суретшілердің, фотограф-оқытушылардың, қолөнер шеберлерінің зияткерлік-шығармашылық әлеуетін арттыруды көздейді. Көрменің мақсаты – студенттерге Наурыздың мәнін түсіндіру, аға буын мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын, отандық суретшілердің шығармашылығын насихаттау», - дейді, көрмені ұйымдастырушы ҚазҰУ Баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бейнелеу өнері көрмесі бір айға созылады, келіп тамашалаймын деген өнерсүйер қауымға кіру тегін.