Алматыда әскери қызметшілер майдангер әжелерді мерекемен құттықтады

Кеше, 21:14 153

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Алматы гарнизонының әскери қызметшілері майдангерлер – Ольга Савенко мен Екатерина Баранованың үйіне барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, майдангерлерді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов, Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Талғат Өзехан және «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының төрағасы отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин құттықтады. Олар соғыс ардагерлеріне Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хаты мен здерінің атынан естелік сыйлықтар табыс етті.

Әскери оркестрдің сүймелдеуімен соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Ардагерлер әскери қызметшілердің жылы тілектерін шын жүректен қуана қабылдады. Майдангерлер соғыс жайлы және соғыстан кейін өмір қалай басталғаны турасында естеліктерін әңгімелеп берді.– Ардагерлеріміздің өмір жолы – патриотизмнің бастауы, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін батылдық пен табандылықтың үлгісі. Олар соғыстың ең ауыр сынақтарынан абыроймен өтті. Бүгінгі біздің міндетіміз – оларға қамқор болып, жанқияр еңбектері үшін алғысымызды білдіру және мәңгі жадымызда сақтау, – деді әскери білім ордасының бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов.

Айта кетсек, биыл маусым айында Екатерина Баранова ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Ол Курск облысында дүниеге келген. Жасөспірім кезден-ақ адамдарға көмектесуге тырысты, сондықтан ол медициналық колледжге түскен. 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, ауруханаға жіберіліп, онда жараланған сарбаздарды емдеді. Жеңісті Чехословакия жерінде қарсы алды. Соғыстан кейін күйеуімен бірге Алматыға көшіп келді. Көптеген жылдар бойы Екатерина Баранова науқастарға қамқорлық жасап, медбике болып жұмыс істеді.

Ольга Савенко 9 мамырда Жеңіс күнін ғана емес, 102-ші туған күнін де атап өтеді. Ол 1923 жылы Алматыда дүниеге келген. 18 жасында Ленинград әскери байланыс училищесін бітіріп, бірден майданға аттанды. Бірінші Беларуссия майданында 109-шы жеке байланыс полкінің құрамында ол Берлинге дейін соғысқа қатысты. Соғыстан кейін туған жеріне оралып, 57 жылдан астам уақыт телеграфта жұмыс істеді. Зейнетке 73 жасында шықты.

Бүгінде Алматыда Ұлы Отан соғысының 24 ардагері, оның ішінде 6 майдангер әйел бар.  

Асқар Таудай
Бөлісу: