"Наурызнама" онкүндігінің соңғы күні Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында Тазару күні өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
1500-нан астам әскери қызметші, курсанттар мен мерзімді қызмет сарбаздары көшет отырғызуға, институт аумағын және оған іргелес аймақтарды абаттандыруға қатысты. Акцияны институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов басқарды.
Көгалдандыру - бұл қала экологиясы мен оның тұрғындарының болашағы. Біз үшін бұл бір реттік акция емес. Институттың әскери қызметшілері осындай іс-шараларға үнемі қатысып тұрады, - деп атап өтті ол.
Экологиялық акция аясында 150-ге жуық ағаш отырғызылып, аумақтарды ауқымды тазарту жұмыстары жүргізілді.
- Біз қаланың орталық көшелерінің біріне көшет отырғыздық. Енді бірнеше жылдан кейін өсіп шығатын ағаштар қаланың келбетіне сәйкес келмек, – деді 2 курс курсанты Ерасыл Әскербеков.
Әскери институттың жеке құрамы қаланы көгалдандыруға, жасыл желектерді күтуге, мемориалдық саябақтар мен скверлерді абаттандыруға үнемі қатысып тұрады.