Алматыда армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алды

24 Қыркүйек, 20:39 522

Тәуелсіз Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдің жанындағы мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2013 жылғы 24 қыркүйекте дүниеден озған Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу рәсіміне қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Қарулы күштердің ардагерлері, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметшілері және батырдың есімі берілген Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары келді.  

Сағадат Қожахметұлы нағыз әскери қолбасшы болды. Ол жеке қасиеттері мен кәсіби шеберлігі үйлескен адам. Адал, қарапайым, ұстамды және бүкіл адамдық қасиеттерді бойына дарытқан жан. Отанға адал қызметінің арқасында әріптестерінің арасында лайықты бедел-құрметке ие болды. Батырды мәңгі жадымызда сақтаймыз, – деді «Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал-майор Махмұт Телеғұсов.

Даңқты генерал тұрған үйдің жанындағы мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері мен әскери жоғары оқу орнының курсанттары салтанатты маршпен жүріп өтті. 

Егемендік алған жылдары ТМД елдерінің қорғаныс министрлері арасында Сағадат Нұрмағамбетов Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз министр болғанын атап өткен жөн.

Зарина Арман
Бөлісу: