Алматыда әлі өмірге келмеген балаларға операция жасалды

19 Тамыз, 11:44 540

Алматыда әлі өмірге келмеген балаларға ота жасалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматыдағы балалар кардиохирургиясы және перинатология орталығында құрсақтағы ұрыққа ота сәтті жүргізілді, бұл туа бітті болатын патологияны түзетуге септігін тигізіп, сәбидің дүниеге дені сау болып келу мүмкіндігін арттырады.

Орталық дәрігерлері Минск республикалық ғылыми-тәжірибелік «Ана мен бала» орталығы феталды медицина бөлімшесінің меңгерушісімен бірге Алматы қаласы, Алматы және Ақмола облыстарынан келген үш жүкті әйелге ота жасады.

Отаны жасау аясында фето-фетальды трансфузия синдромынан (ФФТС) асқынатын көпұрықты жүктілік кезіндегі баланың жолдасы анастомозының лазерлі коагуляциясы жасалды. Бұл әдіс ұрықтар арасындағы тамырлардың патологиялық бірігуін жоюға септік етіп, соның арқасында қатты асқынудың алдын алады және егіздердің екеуінің де өмірін сақтайды.

Соынмен қатар шарана сұйықтығы патологиясы болған жағдайдағы амниоредукция және амниоинфузия жасалды. Бұл процедуралар ұрықтың дамуына қолайлы жағдай туғыза және асқыну қаупін азайта отырып шарана сұйықтығы мөлшерін реттеуге көмектеседі.

Үшінші сәбиге бүйрек патологиясы болғанда қуықты дренаждау жасалды. Бұл ота ұрықтың несеп айдау жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және оның дұрыс даму мүмкіндігін жақсарта отырып бүйрек жетіспеушілігі асқынуының алдын алады.

ДСМ мәліметінше, барлық ота сәтті жасалған, науқастардың жағдайы дәл қазіргі сәтте тұрақты.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: