Алматыда алғаш рет авиациядағы гендерлік теңдік бойынша семинар басталды

Кеше, 18:16 162

Орталық Азия мен Қазақстанда алғаш рет авиациядағы гендерлік теңдік бойынша ИКАО (Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық аймақтық бюросы) аймақтық семинары өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 Алматыда гендерлік теңдік және әйелдердің авиациядағы құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайту бойынша ICAO EUR/NAT аймақтық семинары басталды.

Іс-шараны аймақтағы 56 мемлекет (ИКАО-ға мүше 193 елдің ішінде) кіретін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы, ICAO EUR/NAT Аймақтық бюросының директоры Николас Ралло және Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ашты.

Жиынға Қазақстанның және шетелдің авиация саласының жетекші халықаралық ұйымдарының (ИКАО, Eurocontrol, EASA, SkyTeam, ACVFFI және т.б.), Канада, Франция, Германия, Албания, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдердің авиациялық компаниялары мен іскер топтарының өкілдері қатысуда.

Бүгін біз тек өзекті мәселелерді талқылап жатқан жоқпыз – біз болашақты өзгертетін жаһандық қозғалыстың бір бөлігіне айналудамыз. Авиация – еркіндіктің, биіктерге ұмтылудың, шекараны еңсерудің символы. Біз шабыттандыру, қолдау және мүмкіндік жасау үшін осындамыз. Ұшқыш, инженер немесе авиация менеджері болуды армандайтын әрбір әйел мен ер адам өз арманы орындалатынына сенімді болуы үшін, – деді Салтанат Томпиева.

Николас Николас Ралло өз сөзінде авиация саласында гендерлік теңдікті ілгерілетуде айтарлықтай жетістіктерге жетіп отырған Қазақстан көшбасшылығын атап өтті.

ИКАО гендерлік теңдікке толығымен бейілді және біз әйелдердің авиациядағы мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бастамалар бойынша мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және салалық серіктестермен белсенді жұмыс істеуді жалғастырамыз. Жақсы мысал ретінде – ол ертеңгі сессияда толығырақ баяндалатын жақында бастау алған тиімді тәлімгерлік бағдарламасын құру курсы, – дедіН.Ралло.

Дүние жүзіндегі әуекомпаниялардағы әйел ұшқыштардың үлесі шамамен 6% құрайды. Қазақстанда барлығы 1459 ұшқыш бар, оның ішінде әйелдер – 34. Қазақстанның авиация саласында 9 жарым мыңнан астам әйел еңбек етеді, оның ішінде 2005 бортсерік және 104 диспетчер, саланың инженерлік-техникалық құрамында 400-ге жуық әйел жұмыс істейді.

Екі күнге созылатын шарада «Жас әйелдерді шабыттандыру», «Авиациядағы гендерлік теңдіктің табыс тарихы», «Жетістікке жету үшін тәлімгерлік» және «Авиациядағы әйелдерге арналған білім беру бастамалары» тақырыптарында панельдік сессиялар өтеді.

Авиация саласының танымал көшбасшылары жеке табыстарымен бөліседі, сондай-ақ Еуропа мен ТМД елдерінің авиациялық биліктері мен ұйымдарының гендерлік теңдікті жүзеге асыру саясаты мен тәжірибесі туралы презентациялары болады.

Олардың қатарында EUROCONTROL әуе кеңістігі, жүйелер және процедуралар жөніндегі атқарушы директоры Милена Боуман, қауіпсіздікті ілгерілету бойынша іскерлік серіктес, EASA-ның әртүрлілік, теңдік және инклюзия жөніндегі елшісі Антонио Гонсалес-Гомес, Аймақтық Әуе кемелерін пайдалану және ұшуға жарамдылық жөніндегі ICAO EUR/NAT қызметкері Брайан Декуто, Geo Sky Airlines авиадиспетчері Анна Гагуа және т.б бар. Сонымен қатар, спикерлер іс-шараның барлық қатысушыларына кез келген ұйымда гендерлік теңдік пен әртүрлілікті қамтамасыз етудің тиімді әдістерінің бірі ретінде тәлімгерлік бойынша тренингтер өткізеді. Аймақтағы университеттер жас әйелдерді авиация саласына тарту бойынша бастамалары мен стратегияларымен бөліседі.

EL.KZ
Бөлісу: