Алматыда 62 жастағы мектеп күзетшісі оқушы қызды зорламақ болған

2 Қараша 2023, 09:03 1437

Алматыда 12 жастағы қызды зорламақ болған мектептің күзетшісі қамауға алынды. Жеткіншектің ата-анасы 62 жастағы ер адамның сол күні араққа сылқия тойып алып, арам ойын іске асырғысы келгенін айтып отыр. Онысын растайтын бақылау камерасындағы жазба да бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Осы оқиғадан кейін білім ошағындағы өзге оқушылардың ата-аналары бүгін өре түрегелді. Олар әңгімені жылы жабуға тырысқан мектеп басшылығының әрекетіне наразы.

Арам ойын іске асырмақ болған күзетшінің әрекеті мектептегі бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Егде жастағы ер адам қолындағы құжатты қызға табыстап, күтпеген жерден оны құшақтай жөнеледі. Кейін тіпті ернінен де сүйіп алады.

10-сыныпта оқитын көршіміз менің қызымнан мектеп мұғалімі күзетшіге тастап кеткен құжатты алып кетуін сұрады. Қызым барса, ол кісі қатты мас екен. Өзінің айтуынша, күзетші ернінен сүйген. Осы оқиғадан кейін оның жақындары маған келіп: "әкем 20 жылдан бері маскүнемдіктен емделіп жатыр" деп пара ұсынып, әңгімені жылы жабуын сұрады, - дейді қыздың анасы Юлия Диденко. 

Бұл сұмдықтың бәрі өткен сенбіде Алматыдағы №160 мектептің тура кіреберісінде болыпты. Білім ошағының алдына бүгін өзге оқушылардың ата-аналары да жиналып шу шығарды. Кінәнің бәрі маскүнемдікпен ауыратын адамды жұмысқа қабылдаған директордың мойнында деп отыр.

Біріншіден, бізде құқық қорғау органдарына сұрағымыз бар. Не үшін кішкентай балаға тиіскені үшін оған әкімшілік жаза қолданды? Небәрі 15 тәулікке ғана қамалған. Екіншіден, мектептің директоры мұның бәрін жылы жапқысы келеді. Бүгін біздің келгенімізді көріп, артқы есіктен қашып кетті. Таңнан бері күтіп отырмыз, - Людмила Яловенко.

Таңнан бері күткізген директор ақыры келді. Оқиға болған күні жұмыста жоқ едім дейді. Осы мектепте жарты жыл жұмыс істеп келген күзетшіден бұрын-соңды оғаш қылығын байқамапты. Ал оны жұмысқа қабылдаған жекеменшік компания деп, өзіне шаң жуытпады.

Жекеменшік күзет қызметін биыл тыл 18 наурыздан бастап "Алтын әлем групп" Серіктестігі күзет қызметін атқаруда. Біздің тарапымыздан "Алтын әлем групп" Серіктестігімен келісімшартты бұзып, шағым түсіріп, хабарлама жібердік. Тәртіптік жаза пән мұғаліміне алынды. Одан кейін тәрбие ісі жөніндегі орынбасарға берілді. Және әкімшілік тарапынан сөгіс берілді, - дейді №160 Жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлшат Әминова. 

Полицейлер ұсақ бұзақылық үшін күдіктінің әзірге 15 тәулікке ғана қамалғанын растады. Десе де қылмыстық іс бойынша шешім шықпағанын жеткізді. Тергеу жүріп жатыр. Қозғалған бапқа сәйкес, күзетші 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алматы ПД аталған дерек бойынша Алатау ауданы полиция басқармасымен ҚР ҚК 124бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізіп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар аталмыш сезікті әкімшілік кодексінің 434-бабы нормалары бойынша сот шешімімімен әкімшілік қамауға алынды, - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: