Алматыда 55 жедел жәрдем көлігі табысталды

28 Қаңтар, 11:11 642

Алматыда жаңа медициналық көлікті салтанатты түрде табыстау өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдік мәліметінше, 55 жедел жәрдем көлігінің кілтін қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова табыс етті.

Тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған жергілікті бюджеттен сатып алынған  «В» класына сәйкес келетін санитарлық автокөліктер әлемдік брендтердің заманауи медициналық жабдығымен жабдықталған: реанимациялық жабдықтар, дефибрилляторлар, электрокардиографтар, жасанды тыныс алу аппараттары және т.б. - делінген мәліметте.

Алматы қаласында жедел медициналық көмекті, уақтылы қолжетімділікті ескере отырып, Жедел медициналық жәрдемнің географиялық жағынан ыңғайлы орналасқан 12 қосалқы станциясы көрсетеді. 55 көлік барлық аудандық қосалқы станцияға таратылады. Бұл медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыратыны сөзсіз.

Алматыда күн сайын желіде 186 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп, 3 мыңға жуық шақыртуға қызмет көрсетеді.

2023 жылдың соңында жедел жәрдем бригадалары 1 миллионнан астам шақыруды қабылдады. Қоңыраулардың 93%-ы 1-3 санат бойынша уақтылы келумен қамтамасыз етілген.

2023 жылдың соңында жедел жәрдем көлігінің тозуы 69 пайызды құрады.

Сатып алынған жаңа көлікті есепке алғанда, бүгінде тозу 46%-ды құрайды.

Көліктің тозу пайызын төмендету мақсатында биыл тағы 48 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланған.

Жансая Әділбек
Бөлісу: