Алматыда 3 адам Өзбекстан азаматын ұрлап кеткен

17 Қазан 2023, 15:06 804

Алматы полициясы Өзбекстан азаматын ұрлап кеткен күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, адам ұрлау туралы ақпаратты «102» операторы тіркеген. Ақтөбе қаласының тұрғыны телефон соғып, өзінің 23 жастағы ағасын Алматыда ұрлап, BMW көлігімен белгісіз жаққа алып кеткенін хабарлаған.

Әйел адам оған ағасы мен белгісіз біреудің хат алмасқан жазбасын жібергенін айтты. Хатта жігітті қорқытып, Шымкент қаласына өз бетімен оралуын талап еткен. Ұрланған адамның Өзбекстан азаматы екені және Шымкенттегі кірпіш зауытында жұмыс істегені белгілі болды. Жұмыстан шыққан кезде жұмыс берушілер оның төлқұжатын қайтарудан және төлем жасаудан бас тартқан. Сондықтан жігіт Өзбекстан елшілігіне хабарласу үшін Алматыға қашып кеткен. Келіп түскен дабылдан соң Алматының ҰҚҚКБ мен Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Шымкентке барып, ол жерде 31, 29, 31 жастағы үш жұмыс берушіні ұстады. Оларға айып тағылды. Олардың басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Равиль Ашығали
Бөлісу: