Алматыда 14 қабатты тұрғын үй кешеніне вибродинамикалық және статикалық сынақ жүргізілді

29 Шілде 2023, 17:55 923

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары Алматыдағы 14 қабатты тұрғын үй кешеніне вибродинамикалық және статикалық сынақ жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі. 

Осы арқылы сейсмикалық қауіпті аймақтағы көпқабатты монолитті үйдің құрылыс ерекшелігі бағаланып отыр. Айта кетейік, сейсмикаға төзімді құрылыс талаптарының ережелеріне сәйкес ғимараттар мен құрылыс нысандарының жаңа конструктивті жүйелері, сондай-ақ жаңа материалдары мен конструкциялары жаппай қолданылғанға дейін тиісті тексеруден өтуге тиіс.

Аталған сынақ бірнеше кезең бойынша өткізілген. Әр кезең сайын тұрғын үйге түсетін жүктеме арта берді. Нәтижесінде салынып жатқан ғимарат 9 балдық дүмпулерге төтеп бере алды. Сынақ жұмыстарын жүргізбес бұрын институт мамандары осы жобаның есептік деректерін мұқият зерттегенін атап өткен жөн.

Біздің міндетіміз ғимараттың динамикалық өлшемдерінің нақты мәндерінің (тербеліс кезеңдері мен формалары) есептік көрсеткіштерге сәйкестігін анықтау және қазір қолданылып жүрген нормативтік деректермен салыстыру. Мұндай сынақ қолданыстағы стандарттардың дұрыстығын бағалауға мүмкіндік береді және осындай жағдайды ескеріп, өзгерістер мен толықтырулар енгізуге септігін тигізеді. Бүгінде Қазақстанның құрылыс нормалары басқа посткеңестік елдермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы, - деді Жоғары қабатты ғимараттардың сейсмикаға төзімділігі зертханасының меңгерушісі Жасұлан Омаров.

Осы ретте мұндай вибродинамикалық сынақ күш әсерінің әртүрлі деңгейлерінде дизайнның жобалық схемасын анықтауға мүмкіндік беретінін айта кетейік.

Асқар Таудай
Бөлісу: