17 Қыркүйек 2014, 09:48
Алматы қаласы республикамыздың оңтүстік-шығыс бөлігінде, Тянь-Шань тауы сілемдерінің солтүстік тармағындағы Іле Алатауының солтүстік бөктерінде орналасқан. Оны мұзарт шыңды ақбас Алатау (биіктігі – 3000-5000 м) оңтүстігі мен оңтүстік- батысынан және ішінара шығысынан қоршап жатыр. Тау іргесіне жақындаған сайын текпішектеніп келетін тік төбешіктер бірте-бірте етекке қарай жадағай жазыққа ұласады. Қала оңтүстіктен солтүстікке қарай еңістеу (шамамен 3-4%) келген, теңіз деңгейінен 600-900 м биіктіктегі кең бөктерден орын тепкен. Қала территориясы оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып, 22,8 мың га жерді алып жатыр (1995 жылғы мәлімет). Қаланың солтүстігі, батысы және оңтүстік-батысынан жазықтар сұғына орналасқан. Қаланың солтүстік-батыс жағы сай-жыралы, құрғақ аңғарланып келеді. Қаланы басын тау мұздағынан алатын Кіші Алматы, Үлкен Алматы және оның тармақтары Есентай, Казачка, Қарасу, Ремизовка сияқты тау өзендері кесіп өтеді. Таудан құлап аққан бұл өзендер өз жағасындағы жасыл-желекке нәр беріп, төңірегін кәусар ауаға бөлейді. Қала жасыл- желегін суландырып тұрған көше арықтарындағы су да осы өзендерден бастау алады. Жаз айларында Алматының көк орман астында миуалы бау-бағы сыңсыған «бақ-қала» атанғанына көз жеткізу қиын емес. Қала іргесінен әйгілі апортымен аты шыққан алма бағы басталады да, ол тау бөктерлеп кете береді.
Мұзарт шыңдары күнге шағылысып, ақ сәлдесін жыл он екі ай бір шешпейтін қарт Алатау көк қарағайлы кәусар бұлағы, жеміс-жидекке толы ну орманымен қалаға ерекше көрік беріп тұрады. Оның тау өзені күркіреп аққан шатқалдары, қолтық-қойнауланып жатқан көк-шым жазықтары өз алдына бір сурет. Тау жынысының табиғи әсемдігімен бірге, тамаша құрылыс шикізаты болып табылатыны да өз алдына. Құм мен саз, шағыл мен әк тас, небір жақпар тастар да осында. Алайда осындай табиғаттың аялы алақанында тұрған қаланың құрылыс ісіне кеселін тигізетін жайттар да аз емес. Оның ең бастысы – қаланың арагідік жер сілкінісі болып тұратын өңірге орналасуы. Бұл – табиғи жер қыртысының тектоникалық сырғуы салдарынан бағзы заманнан қалыптасқан, әрі бүгінгі күнге дейін толастамай келе жатқан тұрақты құбылыс. Мұндағы ең қауіпті жер сілкінісі 1887 жылы 28-мамырда (9-маусымда) және 1910 жылы 22-желтоқсанда (ескіше 1911 жылы 4-қаңтарда) болған. Алматы қаласы тектоникалық тақталардың тоғысында орналасқандықтан, кішігірім жер сілкіністері болып тұрады.