«Алматы – Ташкент» пойызының жолсерігі баланың өмірін құтқарып қалды

Кеше, 09:19 497

№001 «Алматы – Ташкент» пойызының жолсерігі сапар кезінде жағдайы күрт нашарлаған 9 жастағы балаға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қайғылы жағдайдың алдын алуға жолсеріктің шапшаңдығы мен кәсіби біліктілігі шешуші рөл атқарды.

Келес станциясында шекаралық және кедендік тексеру кезінде Ташкентке емделуге бара жатқан 9 жастағы Ярослав Ч.-тің жағдайы кенеттен нашарлап кетті. Бала есінен танып, дереу дәрігерлік көмек қажет болды.

Жолсерік Қуатбек Дауылбаев жағдайдың күрделі екенін бірден байқап, дереу әрекет етті. Ол баланың тілінің артқа кетуінің алдын алып, басын қауіпсіз қалыпқа келтірді және тыныс алу жолдарының ашық болуын қамтамасыз етті. Кәсіби әрі уақтылы көрсетілген көмектің арқасында баланың жағдайы тұрақтанып, өмірі сақталып қалды.

Пойыз бастығы жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақыртты. Келес станциясына жеткенде, медициналық бригада пойызды қарсы алып, баланы шұғыл түрде Ташкент қаласындағы ауруханаға жеткізді.

Балақайдың анасы Қуатбек Дауылбаевқа кәсіби біліктілігі, зейінділігі мен адамгершілігі үшін шын жүректен алғысын білдірді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ барлық жолсеріктер жыл сайын алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша арнайы дайындықтан өтетінін еске салады. Бұл дайындық олардың төтенше жағдайларда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Перизат Саденова
Бөлісу: