Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті

6 Қыркүйек, 07:30 562

Қазақстан мен Норвегия арасындағы Ұлттар лигасы матчына байланысты Алматы қалалық ПД қызметтері мен бөлімшелерінің жеке құрамы қызметтің күшейтілген режиміне көшті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық ПД мәліметінше, полиция күштері спорт нысанының өзінде де, оған шектес аумақтарда да тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бірінші кезекте қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына кептелістерді болдырмау мақсатында Абай даңғылы, Байтұрсынов, Сәтбаев, Байзақов, Құрманғазы көшелерінде жол қозғалысы жартылай шектелетінін хабарлаймыз. Осыған орай азаматтарды алдын ала бағдарын реттеп, көліктерін тек арнайы белгіленген орындарға қойып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қоғамдық көлікті пайдалануға шақырамыз. Сонымен қатар футбол матчына билеттерді алаяқтардан қауіпсіздік мақсатында тек ресми сауда орындарынан сатып алу керектігін еске саламыз», - деді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Шумаев.

Айта кетсек, Қазақстан құрама командасы УЕФА Ұлттар Лигасы аясындағы алғашқы кездесуін Норвегия ойыншыларына қарсы өткізеді. Матч бүгін 6 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында сағат 19.00-де басталады.

Перизат Саденова
Бөлісу: