Алматы облысындағы мешітке Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді

25 Қараша 2023, 21:06 1316

Алматы облысы Қарасай ауданында қазақтың даңқты балуаны Жақсылық Үшкемпіров атындағы мешіт ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты. Бас мүфти Жібек жолы ауылы тұрғындарын мерейлі сәтпен құттықтап, мешіт құрылысына демеуші болған азаматтарға алғысын білдірді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары елімізде салынатын мешіттер мен бұрыннан бар құлшылық үйлеріне ел мен жерге, дінге қызмет еткен асыл азаматтардың есімін беруді игі үрдіске айналдырып келеді. Алла Тағаланың қалауымен осы мешітке Жақсылық Үшкемпіров есімі бұйырған екен, берекелі болсын. Көпшілік Жақсылық ағамызды спорт майталманы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде танитыны рас. Әйтсе де, ағамыз өмірін тек спортқа ғана арнамады. Елдің қамын жеп, жұртының жайын ойлады. «Қазақтың тамыры – ауылда» дегенді жан-тәнімен түсінген игі жақсымыз еді. Алла Тағала мейіріміне бөлеп, рухы пейіште шалқысын! Соңында қалған ұрпағына өнегелі өмір, берекелі ғұмыр тілейміз. Есімі берілген осы мешіттің бірлігі жарасқан жамағаты көп болғай. Жақсылық ағамыздай елін сүйген, елі сүйген ерендер осы өңірден шыға берсін. Әмин! - деді ҚМДБ төрағасы.

Айта кетейік, 800 адамға шақталып салынған жаңа мешіттің ашылуына Жақсылық Үшкемпіровтің туыстары, қоғам қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысып, құлшылық ордасында алғашқы жұма намазы оқылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: