Алматы облысында қазіргі таңда көктемгі су басу қаупі бар 13 учаске анықталған. Төтеншеліктер кез келген жағдайға сақадай самыз деп отыр. Себебі өңір аумағында су тасқыны жағдайы тұрақты әрі қатаң бақылауда. Бұл туралы облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Дәурен Азаматов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ТЖД өкілінің айтуынша, Алматы облысында су тасқынына дайындық бойынша іс-шаралар жоспары жасалған және ол облыс әкімінің қаулысымен бекітілген. Сол қаулыға сәйкес департамент және аудан әкімдерімен бірлесіп, су тасқыны жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп келеді. Яғни, жауаптылар төтенше жағдайлар туындау қаупі ықтимал қауіпті учаскелерде тиімді болжам жасау мақсатында күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізіп отыр. Қазіргі кезде сол болжамды анықтау үшін «Тасқын» деген ақпараттық жүйесі қолданылуда.
Облыс аумағында су тасқыны жағдайын бағалау үшін 42 гидропост бар. Оның 27-сі «Қазгидромет» мекемесінде, қалған 15 гидропост «Қазселдеқорғау» мекемесінде орнатылған.
Аймақта су тасқынының алдын алу үшін тұрақты түрде оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Облыс аумағындағы өзен арналарында мұз кептелісі болуының алдын алу мақсатында 6-7 ақпан күндері «Көктем-2025» оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығу Талғар ауданында болды. Ол ауданда Қотырбұлақ деген өзен бар. Оқу-жаттығу жұмыстарын пайдаланып біз сол өзеннің 2,5 шақырым аумағын тазалап шықтық. Қазір бізде облыста бірнеше үлкен су қоймалар бар. Өздеріңіз білесіздер, олар: «Қапшағай», «Күрте», «Бартоғай» және де «Бестөбе». Осы ірі су қоймаларына күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз. Қазіргі кезде бұл су қоймалары 31-92 пайызға толып тұр. Жеке-жеке тоқталатын болсам, «Бестөбе» су қоймасы - 30 пайызға, «Күрте» - 53,9 пайызға, «Бартоғай» - 78,3 пайызға, «Қапшағай» су қоймасы 92,6 пайызға толып тұр. Бірақ бұл жерде айта кету керек, «Қапшағай» әлі де суды қабылдай алады. Қалған су қоймалар транзиттік режимде жұмыс істейді, теңгерім ұстаушылар тұрақты мониторинг жүргізеді,-деді азаматтық қорғау полковнигі өңірде өткен брифингте.
Облыста анықталған су басу қаупі бар 13 учаске төрт ауданда орналасқан. Олар: Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай және Балқаш аудандары. Ондағы халық саны 34 мыңнан астам. Спикердің мәліметінше, су басу қаупі бар аймақтардың барлығы бақылауда. Аталған учаскелерде тазалау және кеңейту, басқа да жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп отыр.
(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Барлық елдімекендерде жергілікті атқарушы билік өкілдерімен күнделікті кезекшілік ұйымдастырылған. Бұл желлерде қазіргі кезде толықтай мониторинг жүргізіліп отыр. 2025 жылғы су тасқынына дайындық кезінде жергілікті атқарушы органдарының берген мәліметіне сәйкес, 63,6 шақырымды құрайтын арық, 30 шықырымға жететін арналар, 78 су өткізу құбыры тазартылып, 17 мың шаршы метр қар шығарылған. Аудан әкімдерінің бізге берген мәліметінше, қар төгетін 6 орын бекітілген. Өздеріңіз білесіздер, қарды жинау бір бөлек, оны шығарып, қауіпсіз орынға төгу тағы бар. Себебі ертең жинаған қар елдімекендерге су болып ағып, қайтадан басып кетпес үшін жиналған қарды белгілі бір полигондарға шығару жұмыстары жүргізілуі керек,-деді Дәурен Азаматов.
Су тасқыны кезеңіне облыстың азаматтық қорғау қызметтерінде жалпы саны 1136 адам, 347 техника, 82 мың тонна инертті материал мен 81,5 мың қап, 76 тонна жанар-жағар май дайын тұр. Ықтимал төтенше жағдайға дайындық ретінде өткен оқу-жаттығу жұмыстары кезінде қажетті құралдар мен материалдар пысықталған.
Одан бөлек аудандарда қазіргі кезде рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Біздің қызметкерлер қай жерлерде су тасқыны болуы мүмкін деген жерлердің бәрін қарап, яғни сол жерлерде көктемгі қар еруіне дайындық жұмыстарын толықтай жүргізіп отыр. Онымен қоса аудан, ауылдық округ әкімдеріне ескерту қағаздары да берілуде. Онда «Мына жерді су басуы мүмкін, сол үшін осы іс-шараларды қарау керек» деген секілді ескертулер жазылған. Қазіргі таңда аудандарда су тасқынына қарсы іс-шаралар толықтай жоспарға сәйкес тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Биыл бүгінгі күнге дейін өңірдегі аудан, қалаларда ешқандай су басу, аалуларға су кіру оқиғасы тіркелген жоқ, сондықтан жағдай тұрақты. Тек осыдан бірнеше күн бұрын бір жағдай орын алды. Бірақ біз оны төтенше жағдай емес, техногендік деп алдық. Яғни, адам қолымен істелінген оқиға,-деді төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы.
Еске салсақ, 17 ақпанда күндізгі уақытта Қарасау ауданындағы Көлашы ауылында белгісіз біреу Қаскелең өзенінен ауылға қарай тартылған каналға су жіберетін шлюзді ашып жіберген болатын. Соның салдарынан ауылдағы төрт үйдің ауласын су басты. Төтеншеліктердің хабарлауынша, бұл үйлер ауылдан шалғай жерде ауыл шаруашылығы алқабында жаңадан салынған және құжат жүзінде әлі тіркелмеген екен. Жалпы бұл алқап маңында 28 үй орналасқан. Қазіргі таңда белгісіз адамның шлюзді ашып, техногендік жағдай туындату дерегі бойынша материалдар толықтай жиналып, Қарасай аудандық полиция бөліміне тапсырылған. Бүгінде оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Брифингте бұдан өзге төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы биыл облыста қар мөлшері былтырмен салыстырғанда жоғары болып тұрғанын атап өтті. Мәселен, биыл қардың биіктігі 7 сантиметрге көп, қардың қатуы да биыл жоғары. Былтыр осы кезеңдерде 10-15 сантиметр болса, биыл 21-30 сантиметр аралығында екен.
Сөз соңында ТЖД өкілі көктемгі су тасқыны қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәдениеті ең алдымен тұрындардың өзінен де басталу керектігін баса айтты.
Осы брифингті пайдалана отырып айтқым келіп отыр. Облыс аумағында елдімекендерде тұратын әр адам өзінің үйінің ауласындағы, есік алдындағы арықтарын тазалап, қарларын шығарып, ретке келтіріп отырса, қауіп те сейілер еді. Көктемгі су тасқынының алдын алу мәдениеті әр адамның өзінен басталады,-деді ол.