Алматы облысында ер адам полицейді көлігімен сүйреп кетті

29 Қазан, 10:06 391

Алматы облысында полиция қызметкерін көліктің есігінде сүйреген жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Байсейіт ауылында жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалау кезінде облыстағы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қанат Темірбаев пен Эльдар Махмудов, жол ережесін бұзған Toyota Ipsum автокөлігін тоқтатты. Рөлде Достық ауылының 34 жастағы тұрғыны болған. Құжаттарды рәсімдеу сәтінде жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынудан бас тартты. Полицейлерді елемей, көлікке қайта отырып, Қанат Темірбаевтың саусақтарын машинаның есігімен қысып қалған. Көлік орнынан күрт қозғалып, полиция қызметкерін 10-15 метр шамасында сүйреп әкеткен. Офицер қолын босатып үлгергенімен, асфальтқа құлаған кезде жарақат алды.

Жүргізуші көп ұзамай қолға түсіп, Шелек ауылының полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта құқық қорғау органының қызметкеріне күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұған қоса, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін оған әкімшілік хаттама толтырылды. Оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін тергеу жалғасып жатыр.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: