Өңірдің түкпір-түкпірінде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, халқымыздың тарихынан сыр шертетін көрмелер ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ат басын тіреген Қарасай ауданында дәстүр, ұлттық құндылықтар, шебер қолдар сияқты бірнеше тақырыптарға арналған қазақ үйлер тігілген.
Әрқайсымен жеке танысқан өңір басшысы киіз үйдің бірінде қаскелеңдік сәбидің тұсауын кесті. Мерекеге орай орталық алаңға жиналған жұрттың қарасы да көп болды. Шарада күміс көмей әншілер асқақтата ән шырқап, бишілер мың бұрала биледі.
Бұл мереке адамдардың ұлтына, дініне қарамай біріктіретін мейрам. Қарасай ауданы тарихы тереңде жатқан, көпұлтты ауданның бірі. Бүгінде мереке осындай деңгейде тойланып жатқанына қуаныштымын. Құрметті жерлестер, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол, ырыс-берекеміз тұрақты болсын!, – деді Марат Сұлтанғазиев өзінің құттықтау сөзінде.
Ал Жамбыл ауданының Көкбастау атшабарында өткен шараға 12 мың көрермен жиналды. Бүгін мұнда 3 тонна бауырсақ пісіріліп, 2 000 литр наурыз көже ішілді.
Бұл жерде қазан-қазан наурыз көже жасалғаннан бөлек, тазы жарысы, Құнан және Аламан бәйге, көкпар өтті. 9 шақырымға шапқан құнандардан бірінші болып келген «Үміт» атты сәйгүліктің иесі мотоцикл ұтты. Ал 2-орынға «Шегірқасқа» табан тіресе, 3-орынға Жамбыл ауылының «Зухра» сәйгүлігі ие болды. Құнан бәйгеде 25 сәйгүлік өзара тартысқа түсті.
21 шақырымдық Аламанда Ринат Әділқас жаттықтырған «Тасқара» басқалардан оқ бойы озып келді. 1-орынды иеленгендерге «Лада Гранта» маркалы автокөліктің кілті табыс етілді. 2-орынды «Ботагөз», 3-орынды «Көзмоншақ» қанжығасына байлады. Бәйгеге 37 сәйгүлік қатысты.
Ұлттық мереке мен ұлттық ойын ұлықталған шарада облыс әкімі Жамбыл ауданы тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
Жиналған қауым да құшақтасып көрісіп, бір-біріне ізгі сөздерін айтып жатты.