Алматы мен Баку арасындағы достастық байланыс нығая түсуде

4 Қазан 2019, 11:54 2038

Алматы қаласындағы Достық үйінде Әзірбайжан Республикасының диаспорасымен жұмыс жөніндегі Мемлекеттік комитеті делегациясының этномәдени бірлестіктермен кездесуі өтті.

Делегация Қазақстанға Әзербайжан Республикасының диаспорасымен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитет пен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында келді.


Делегация құрамында Қазақстан Республикасындағы Әзірбайжан Республикасы Елшілігінің бірінші хатшысы Маммад Багиров, Әзірбайжан Республикасы диаспорасымен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің түркі тілдес елдер жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Анар Расулов және Әзірбайжан Республикасы диаспорасымен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитеттің маманы Теймур Атаев болды.

Отырыс алдында қонақтарға Достық үйі бойынша экскурсия өткізіліп, этномәдени бірлестіктердің кеңселерін аралап көрді.

Одан әрі Достық үйінің баспасөз залында Алматы қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Назар Балғымбаев алғы сөзімен отырысты ашып, Алматы қаласы ҚХА жұмысы туралы әңгімелеп берді.

Ол өз сөзінде «Бүгінде этномәдени бірлестіктер республикада және қалада өткізілетін барлық іс-шараларға белсенді қатысады, сондай-ақ этносаралық қатынастарды нығайтуға өз үлестерін қосады. Біздің қалада үш әзірбайжан этномәдени бірлестіктері бар. Олар барлық қоғамдық және мәдени іс-шараларға қатысатын, ең белсенді орталықтардың бірі болып табылады» деді.


Өз кезегінде «Әзірбайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбілфас Хамедов Қазақстан қоғамының қоғамдық-саяси тұрақтылығын, бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал ететін бірлестіктің қызметі мен жұмысы туралы тарқатып берді.

Кездесу барысында екі мемлекет арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың болашағы жөнінде пікір алмасылды.

Бөлісу: