«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталды

8 Сәуір, 15:00 985

8 сәуір мен 8 мамыр аралығында қалада «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтеді. Қаланың барлық ауданын қамтитын науқанға Алматының әрбір тұрғыны мен қонағы қатыса алады.

Қалалық әкімдік мәліметінше, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының басты мақсаты - қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау құндылығын қалыптастыру, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу, жеке экологиялық бастамаларды қолдау мен іске асыруға жағдай жасау.

Науқан 4 негізгі кезеңге бөлінген:

«Біздің қала – біздің көшелер» (8-14 сәуір) - қалалық инфрақұрылымды: жолды, жер үсті және жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерін, аялдама кешендерін, бағдаршамдарды, жарық беру құралдарын, белгілерді, туристік тотемдерді, қоғамдық дәретханаларды тазалау және ретке келтіру апталығы. Дезинфекция және дезинсекция жүргізе отырып, люктер ауыстырылады, қоқыс жәшіктері жөнделеді.

«Біздің қала – біздің аула, біздің үй» (15-21 сәуір): көшет отырғызу апталығы. Аулалар мен ойын алаңдары жөнделіп, ретке келтіріледі. Аулалар мен есік алдындағы шағын бақты көгалдандырғысы келетіндерге көшет, жеке үйлердің қоршауын сырлағысы келетіндерге бояу беріледі. Осы кезеңде түрлі шығармашылық әрі экологиялық іс-шаралар басталады – «Жас жұбайлар» креативті эко-хабы мен аллея ашу, «Эко-марафон» плоггингі, дәмханалар мен мейрамханаларда тамақ қалдықтарын жинау жобасы; «Таза ойындар» акциясы, «Мерзімі өткен дәрі-дәрмекті өткізіңіз – табиғатты сақтаңыз»; «Үздік аула», "Үздік шағын бақ», «Коммуналдық қызметтің үздік қызметкері» байқаулары, «Жасыл планета – біздің ортақ үйіміз» мектеп суреттері байқауы және т.б. 20 сәуір күні жалпықалалық сенбілік жоспарланған.

«Біздің қала - біздің тау, өзен мен көлдер» (22-28 сәуір): жағалаулар мен су айдындарын, саябақтарды, скверлер мен тау бөктерін тазалау апталығы.

«Біздің қала – біздің мақтаныш» (29 сәуір – 8 мамыр): ескерткіштер мен мәдениет нысандарды тазалау апталығы. Соңғы аптада қаладағы субұрқақтар іске қосылып, науқанға белсенді түрде қатысқан тұрғындар сыйлықтармен марапатталады.

Науқан қорытындысы бойынша 1765 аялдама павильоны, 480 бағдаршам нысаны, 56 жер асты және 78 жер үсті өткелі, 1500 қоқыс алаңы, 24747 қоқыс жәшігі, 15454 орындық, 161 ескерткіш жуылып, жөндеуден өтеді. Қаланың коммуналдық қызметі 153 саябақ пен скверді, 1349 км арық желісін, 4468 км көше мен тротуарды, 235 люкті тазалайды. Науқан аясында 3420 жарық нүктесі, 650 белгі жаңартылып, 20 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылады. 1 мамырда қалада 65 субұрқақ іске қосылады.

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» экологиялық науқанын өткізу форматы, қатысу шарты, мекенжайы және байланыс нөмірі туралы қосымша ақпарат аlmaty.kz сайтында және Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшасында жарияланады. Сондай-ақ веб-сайтқа жақында бүкіл қалаға ілінетін баннер, постер және афишадағы арнайы QR-код арқылы кіруге болады.

Науқанның белсенді қатысушыларына арналған әлеуметтік желідегі хэштегтер: #АлматыНашОбщийДом, #НасМногоГородОдин, #АлматыБіздіңОртақҮйіміз, #БізКөппізҚалажалғыз.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: