Алматы әкімі қоғамдық автобус жүргізушісіне қамқорлығы үшін алғыс білдірді

Бүгiн, 06:33 252

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісі Қанат Ахметов қала әкімі атынан алғыс алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жүргізуші қызмет барысында арбаға таңылған жолаушыны көтергіш құралдың көмегімен автобусқа кіргізуге көмектесіп, қамқорлық көрсеткен. Бұл оқиғаны әлеуметтік желіде экобелсенді Евгений Мұхамеджанов жариялаған. Жазбаға тұрғындар көптеген жылы лебіз білдірді.

Әкімнің атынан Алғыс хат пен сыйлықты тапсыру барысында «Алматыэлектротранс» автопаркінің басшысы Александр Бейсембиев Қанат Ахметовтің кәсібилігін және бауырмалдығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, автобус жүргізушісі жай ғана өзінің міндетін орындаған. Қоғамдық көлік қызметкерлері жолаушыларды тасымалдаумен қатар, олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге де жауапты.

Өз кезегінде жүргізуші қала басшысының өзінің ісіне назар аударғанына   ризашылығын білдірді.

Мен өз жұмысымды тек нұсқаулықта көрсетілген іс-қимылды орындау және қоғамдық көлік жүргізушісі қандай болуы тиіс екендігін түсіну арқылы жасадым. Біз жолаушыларды тасымалдап қана қоймаймыз, сонымен қатар күн сайын адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығына мән береміз. Кез келген әріптесімнің осындай игі істі атқаратынына сенімдімін, - деді ол.

Әкімдіктің мәліметінше, ерекше ілтипатқа ие болған Қанат Ахметов төрт баланың әкесі, жүргізуші болып жұмыс істеп жүргеніне шамамен бір жыл болған.

Асқар Таудай
Бөлісу: