Алматының жеті кереметі

16 Қаңтар 2017, 12:49 11274

Ару қала Алматының «қала-бақ» атануы тегін емес.

«Алматы – арман қала» деп тегін айтылмаған.  Еліміздің қай түкпірінде жүрсе де, әсіресе жастар қауымы Алматыны бір көруге ынтық. Сондағы еліктіретіні – бала кезімізден теледидардан көріп жүретін алмалы шаһардың көрікті жерлері. Ол әрине, бірінші кезекте аты аңызға айналған  Медеу мен Көк-Төбе еді. Ал бүгінде қаланың бейнесі біршама өзгерген. Көпшіліктің пікірі бойынша қалаға жаңа дем беріп, өзге қалалардан ерекшелеп тұратын жеті түрлі кереметі бар. Ендеше соларға тоқталсақ:

Тұңғыш президент саябағы

Бұл саябақтың ашылғанына көп уақыт өтпесе де, көпшіліктің жиі келетін сүйікті мекеніне айналып үлгерген. Оның алып жатқан көз жеткізсіз аумағын жаяу жүріп өту мүмкін емес. Сондай үлкен болуына қарамастан мұндағы мұнтаздай тазалық көпшілікті қуантады. Кешқұрым қаланың оттары жарқырай бастаған шақта келген жанды саябақтың әдемілігі шынымен таң қалдырмай қоймайды. Әуенмен бірге тербелген түрлі-түсті музыкалық субұрқақтар өзінің бірегейлігімен қонақтардың назарын аударады. Ал кіре берістегі алып қақпа құлашын кеңге жайып, құшағын аша барлық келушілерін қарсы алады.

Метрополитен

Қазақстан үшін «Ғасыр құрылысы» – Алматының метросы. Бұл сияқты ауқымды жоба ел тарихында әлі болған емес. Құрылысы 1988 жылы басталған жер асты жолы әлі де салынуда. 2011 жылдың желтоқсан айында жеті станциядан тұратын алғашқы желісі қолданысқа берілсе, кейінірек тағы екі станция іске қосылды. Бұл қоғамдық көлікте жүру құны 80 теңгені құрайды. Жалпы, заманауи жер асты нысаны жайлы мың рет естігеннен гөрі, бір рет көзбен көрген дұрыс. Сондықтан да Алматыға ат басын тіреген жандардың көбі қаламен танысуды ең бірінші метродан бастайды.

«Есентай Тауэрс» ғимараты

Бұл Әл-Фараби даңғылында орналасқан Алматы қаласының ең биік ғимараты. 36 қабаттан тұратын нысанның биіктігі – 168 метр. Мұнараның алғашқы он төрт қабатында кеңселер, одан жоғары Ritz Carlton қонақ үйі, ал соңғы сегіз қабатында қызмет көрсету орталықтары орналасқан. Бұл ғимарат қаланың қай бұрышында жүрсең де, «мен мұндалап» алыстан көрініп, шақырып тұрады.

«Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені

Аталмыш спорт кешені 2010 жылдың қыркүйек айында ашылды. Бүгінге дейін бұл алаңда әлемдік деңгейдегі 7 жарыс болып өтті. Жалпы аумағы 28163 шаршы метрді құрайтын кешен екі аймақтан тұрады: біріншісі – халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізетін аймақ, екіншісі – жаттығу өткізетін аймақ. Бұдан бөлек мұнда бес трамплин бар. Санаулы күндерден кейін елімізде алғаш рет Универсиада ойындары өткізілмек. Бұл спорт кешені сол әлемдік дода аясында ұйымдастырылатын трамплиннен секіру жарыстарын қабылдайды.

Шымбұлақ

«Шымбұлақ» тау шаңғы шипажайы – Іле Алатауы шатқалында 2510 метр биіктікте орналасқан. Мұнда келіп, шаңғыға алғаш рет тұрғандар да өзін өте ширақ сезінеді. Таудың кереметтей көрінісі, қалың қар мен жайлы климат адамға сергектік сыйлайды. Тау шаңғы спортын сүйетіндер үшін мұнда кез келген деңгейдегі шаңғы трассалары мен тау баурайлары, ыңғайлы көтергіштер және шаңғы мектебі бар. Сондай-ақ бұл шипажайда қонақ үй, мейрамхана, боулинг және монша сынды демалуға арналған барлық нысандар қамтылған. Шуақты күндері Шымбұлаққа келетін демалушылардың санында есеп болмайды.

Медеу

Медеу – жасанды мұз айдыны дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені. Ол Алматы қаласынан 18 шақырым жерде, Кіші Алматы шатқалында орналасқан. Қазақстан туралы сөз қозғалса, кез келген адамның ойына биік таудағы Медеу мұз айдыны алдымен еске түсетіні рас. Мұнда әлемдік деңгейдегі 150-ден аса үздік спорттық рекордтар орнатылған. Соңғы жылдары спорт кешенінің қызмет көрсету аясы кеңейтілді. Мұнда футболдан, волейболдан және баскетболдан жарыстар өтіп тұрады. Алып мұз айдыны - тек спорт жарыстарын өткізетін алаң ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтарының әсем табиғат аясында демалатын орны.

Көк-Төбе

Алматының символына айналған бұл мекен табиғаты таңғажайып орындардың бірі. Ол теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан. Аспалы жол Көк-Төбені қаланың орталығымен байланыстырады. Яғни, аттану нүктесі «Арман» кинотеатрының жанындағы станциядан басталады. Көк-Төбеге көтеріліп төмен қарағанда, тіршілік қазанында қайнаған алып шаһардың бейнесін көресің. Осы құбылыс жүрегіңде мәңгі жатталып қалады. Әсіресе түнгі қаланың әр тұстан жымыңдаған жарығына көз алмай ұзақ уақыт қарайтын боласың.

Бұл жеті нысан Алматының мерейін асқақтатып, көркіне көрік қосып тұрады. Оңтүстік астанаға жол түсе қалған жағдайда осы аталған көрнекті жерлерді аралап шыққанға не жетсін?!

Жазира Берғалиева
Бөлісу: